Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/class-wp-token-map.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/l10n.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/query.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/rest-api/endpoints/class-wp-rest-users-controller.php on line 1
Өнердің өз адамы — Nysana.kz — Ақпарат агенттігі

Өнердің өз адамы

Шымкентте өнерсүйер қауымға, соның ішінде сахна өнеріне тәнті жұртқа Еркін Шымқұловтың есімі етене жақын. Жақын болмағанда ше?! Биыл Еркін Шымырқұловтың Шымкенттегі Ж.Шанин атындағы академиялық драма театрда актер болып жүргеніне 36 жыл. Бір театрда қырық жылға жуық табан аудармай еңбек етіп келеді.

О баста бала Еркіннің арманы әнші болу еді. Ол кезде анасы облыстық филармонияда гардеробта (киім ілгіш бөлімде) жұмыс істейтін. Белгілі кеңес режиссері Константин Станиславскийдің «Театр киім ілгіштен басталады» дегені рас-ау. Өнер ордасындағылардың көбі әнші, әртіс болмаса да өнерге жаны ғашық болып келетіні бар. Себебі, өнер өлкесінің қабырғасының өзі ән салдырып, би билететін сияқты ғой. Еркін Шымырқұловтың анасының да филармония гардеробында отырып ән салатыны бар-ды. «Өнерге, әнге ғашықтығым анамнан» дейтіні содан. Сонау Түлкібастың төрінен, Қызылбастау ауылынан үйелмелі-сүйелмелі бала-шағасымен Шымқалаға көшіп келгендегісі де «балаларымыздың болашағы жарқын болсыншы» деген арманы еді ғой.

Алайда, бәрі де пенденің ойлағанындай бола бермейтіні тағы бар. Ауылда мал-жайға қарайлайтын, шаруаға қолғабыс ететін адам керек болып, әжесі бұларды қайтадан Түлкібасқа, Қызылбастауға көшіріп әкетті. Қала көріп, филармония залына тамсанып келе жатқан бала Еркін әнші болсам деген арманынан бәрібір ажырамады. Ауылда жүріп мектептің сахнасын місе тұтты. Алғаш 4-сыныпта сахнаға шықты. Ұстаздары мен сыныптастары алдында ән шырқады. Келе-келе өзі сияқты әншілікке құмар дос-құрбылар табылды. Еркінге ілесіп олар да сахнаға шықты.

Мектеп бітірген соң Республикалық эстрадалық студияның әнші бөліміне оқуға барғаны да содан ғой. О, ол кезде әншілер әнді талғаммен таңдап, сөзіне мән беріп орындайтын кез. Жүрекпен айтатын. Сөзі мағыналы, әуені жағымды, жүрекпен орындалған ән жүрекке жететіні содан еді ғой. Студияны бітірген соң әнші-композитор, бүгінде «Гүлдер» ансамблінің жетекшісі, белгілі өнер қайраткері Жеңіс Сейдолла екеуі «Ақмаржан» ансамблінде ән шырқады. Алайда, үнемі ізденісте жүретін, өзіне өзі көңілі толмай, қамшылап жүретін жан үшін әншілік өнер аздық ете бергені-ай. Осындай көңіл толқуында жүріп Еркін Өксікбайұлы Т.Жүргенов атындағы  Мемлекеттік өнер институтына оқуға түседі. Өнерге негіз болар білім беретін қара шаңырақты драма және кино актері мамандығы бойынша бітіреді. Сөйтеді де Шымкентке, туған өлкесіне аттанады. Содан бері Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ сазды драма театрында әртіс  болып қызмет атқарып келеді.

Жалпы, театр әртісі үшін жас мөлшері шектеу болмаса керек-ті. Сахнада қарттың да, абыз қарияның да бейнесін сомдау үшін сол жасқа лайықты әртістің болғаны ләзім. Әдетте, 25 тегі жігітке қарияның рөлін тапсыратын кездер жиі кездеседі. Әрине, режиссердің шешіміне ешкім де қарсы тұра алмас. Жас болса да рөлді сәтті алып шығатындар бар-ақ. Сирек. Түрлі макияж, гримм жасты қарт еткенмен, абыздың, ақсақалдың болмысын бере алмайтын тұстары аз емес. Сол сияқты кексе әртістен желкілдеген 25 тегі жас жігіттің рөлін шығара алу да қиын. Оның үстіне балаң жастан театрға танылған, сахна өнерімен ауырған адамның киелі өнер шаңырағынан қартайдым деп шығып кетуі де оңай емес. Бұл орайда 100-ге келгенше сахнаны аңсап, туған театрының табалдырығын өле өлгенше жиі аттаған кешегі Айша Абдуллина әжемізді мысалға келтірсек те болар.

– Театр тазалықты сүйеді. Жақсы жүрсең, айналаңдағы әріптестеріңмен сыйлассаң, мейірімді болсаң өмірің ұзақ болады. Сахнада тұрып көрерменнің көңілінен шығатындай ойын үлгісін көрсету үшін өзің де пәк көңілді, ниетің түзу болуы керек. Әйтпесе, сахна бәрін де көрсетіп, байқатып қояды. Сахнаның құдіреті де сонда. Қанша тыраштанып, жағымды рөл ойнауға тырысқаныңмен болмысың адамгершілікке тұнып тұрмаса оны бере алмайсың. Жеткізуің қиын. Көрермен байқап қояды, — дейді Еркін Шымырқұлов.

Сахна тарланы сомдаған Ш.Құсаиновтың «Алдар көсесіндегі» — Шораяқ, С.Ерубаевтың «Менің  құрдастарымдағы» — Рахмет, Ә.Тауасаровтың «Арманшыл  қыз» пьесасындағы – Болат… Бәрі де тұрақты көрерменінің көз алдында. Әсіресе, «Арманшыл қыздағы» Болат рөлі үшін 1988 жылы Республикалық Жастар фестивалінде лауреат атанды. Ал С.Шәймерденовтың «Аруана дүниесінде» — Мирас рөлі ше? М.Әуезовтың «Абайында» жаны нәзік Айдар болғаны… Осы бір шынайы ойын үлгісін көрсеткен Айдар рөлі үшін белгілі режиссер, театр сыншысы, халық әртісі, профессор Маман Байсеркеновтен мақтау естігені кеше ғана еді.  М.Байсеркеновтей ұстаздан жоғары баға алу деген кез келген шәкіртке үлкен мәртебе. Б.Әбілдаевтың «Айша  бибісінде» — Арыстан, Б.Әбілдаевтың «Атаң келеді артыңнан» қойылымында — Қален, Т.Рысқұловтың 100 жылдығына байланысты Шерхан Мұртазаның «Сталинге хатында» — Тұрар Рысқұлов рөлдері Еркін Шымырқұловтың өнерін шыңдай түскен образдар. Әр алуан, мінезі сан-қилы бейнелер.

Санасақ, қырық жылға жуық сахна өнерінде Еркін Шымырқұлов сомдаған бейнелер өте көп. Жұмат Шаниннің «Арқалық батырында» — Юн-сун, С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншегінде» — Абдолла, И.Сапарбайдың  «Әмір Темірінде» — Арғұн, Ваннустың «Сұлтан да өтер дүниеденінде» — Убайд… Осылай тізбектеліп кете береді. Әртістің әр ойыны әрқилы. Образдары сан алуан рөлдерде түрлі болмыс иесіне айналады. Басты қағида сендіре ойнау, нанымды шығару, көрерменге көзайым боларлық образды бере алу. Бұл белесті Еркін Шымырқұлов талай бағындырды. Әрине, алғашқыда қиын болғаны рас. Бірақ, тәжірибе жинақтаған сайын жасындай жалындай түсті. Жалын дегеннен шығады, ел арман ететін 25 жастағы Төлеген рөлін (Қыз Жібек) Еркін аға 37 жасында ойнады. 25-тегі жастық желік, албырт аңғалдық, қайтпас қайсарлықты айнытпай бере алғаны ғой.

Театр көрермендерінің есінде болар, болмысы бөлек режиссер Ерғали Оразымбетов сахнаға шығарған «Құдаша» қойылымында Еркін Шымырқұлов Басирдің рөлін сомдады. Музыкалық қойылым болғандықтан бұл спектакльде бастан аяқ симфониялық оркестр ойнап тұрды.

Иә, иә, Ж.Шанин атындағы академиялық театрыңызда бір кездері симфониялық оркестр болатын. Бас дирижері белгілі композитор Есіркеп Жолдасов. Міне, сол қойылымда Еркін Шымырқұловқа баяғы әншілік өнері әбден-ақ көмегін тигізді. Ән салды. Иманәлі Сапаров сахналаған «Еңлік-Кебекте» ше? Кебектің рөлін Еркін Шымырқұлов шебер-ақ сомдады. Ал, оңтүстік өлкесінде театр өнеріне әжептеуір жаңалық, жаңа үрдіс алып келген белгілі режиссер Райымбек Сейтметов сахналаған Ш.Айтматов пен М.Шахановтың шығармасы бойынша дайындалған «Миғұла терісі үстіндегі сот» спектакліндегі Талап пен Хайдар рөлі Еркін ағаның есінен еш кетпейді. Екі образды бір қойылымда ойнау шеберлікті қажет етсе керек. Өз көрермендерімізді былай қойғанда Түркияға гастрөлмен барып қойған бұл қойылымға түрік ағайындар да тәнті болып қол соққан.

– Маған үлкен ұстаз бола білген режиссерлерім Жақып Омаров, Тастан Өтебаев, Хусейін — Әмір Темір, Асанәлі Әшімов, Әскер Құлданов сынды ағаларымның қамқорлығын жоғары бағалаймын. Осындай азаматтармен тығыз жұмыс атқарғанымның арқасында шеберлігімді шыңдай түстім, — дейді Еркін аға.

Талантты танытатын образдар көп-ақ. Ғ.Мүсіреповтың «Қозы көрпеш — Баян сұлуындағы» Қодар ролі үшін Петропавл қаласында өткен Республикалық театр фестивалінде театр сыншылары, өнер қайраткерлері Бағыбек Құндақбаев пен Әшірбек Сығай Еркін Шымырқұловтың ойынына жоғары баға берген-ді. «Шаянның Шолоховы» атанған қаламгер Е.Тұрысовтың «Ұлы көшінде» — Бәйдібектің бейнесін, жазушылар М.Байғұт пен Ш.Орынбаевтың «Қарлығаш әулие – Төле биінде» — Төле бидің бейнесі қалай шықты?! Әлі де өз көрерменін жинап отыратын осы бір қойылымдар елге тарихи тұлғалардың кескін-келбетін Еркін Шымырқұловтай әртістің бейнесімен елестетіп тұрады. Әртістің шеберлігі де осында. Рөлдік бейнесінің жұрт жадында жатталып қалуы – бақыт. Ф.Буляковтың «Бақ іздеген бейбақтарында» — Бастық, Т.Нұрмағанбетовтың «Бес бойдаққа бір тойында» — Қырманбай, Т.Нұрмағанбетовтың «Бақалар шулаған түнінде» — Құрбан бейнелері де ұмытыла қоймады. Бір ғана М.Байғұттың «Бозторғайдың ұясында» және «Асанбай Асқаровтың аққайыңдары» пьесасында басты рөлдерді сомдауы Еркін Шымырқұловтың өнерін шыңдай түсуіне түрткі болды.

Сан қырлы өнер демекші, Еркін Шымырқұлов түрлі бейнеклиптер мен әлеуметтік роликтерге де түсіруге сұранысқа ие. Әсіресе, телесериалдарға жиі шақырылып жүр. Адамгершілік, жастар тәрбиесі, ізгілік, имандылық мәселесін негіз алып алған бірнеше кинода басты рөлдерді сомдады. Бүгінгі киноман көрермен Еркін Шымырқұловты «Көке» сериалындағы Жексен рөлі, «Тәуекел» телесериалында Қасым рөлі, «Үлкен үй» телесериалында Ардақ рөлі, «Бәсеке» киносында — Серік Сүлейменович, «Өмірдің өзі новеллада» — МАИ инспекторы, «Өзімізде» — дәрігер Сабыр, «Төлеби» фильмінде — Әнет би және Сасбұқа би, «25 теңге-1» де — бокс тренері, «25 теңге-2» де — Әке рөлі арқылы таниды.

Еркін Өксікбайұлы бір жылдары  М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да аға  оқытушы болды. Өнер факультетінде жас таланттарға сабақ берді. Бүгінде «ұстазымыз» деп құрметпен сәлем беретін шәкірттері аз емес. Осыдан кейін-ақ Еркін Шымырқұловты өнердің өз адамы демеске лажың жоқ-ау. Бала арманы алдамаған азамат қырық жылға жуық уақыттан бері театр сахнасынан түскен жоқ. Оған жоғарыда тізбектеген, ол сомдаған образдар дәлел.

Өкініштісі сол, өнердің өз адамының осынау еңбегі еленбей жүр. Ерен еңбектің өтеуіндей болар мемлекеттік наградаларға неге ұсынылмаған? Ұсынылса неге берілмей жүр? Жасыратын несі бар, сахна саңлақтарын марапаттауда көбіне Алматы, Астана төріндегі өнер майталмандары көзге бірінші ілінетіні белгілі. Осыдан барып, ауылдағы, аймақтағы азаматтардың еленбей, еңбегі еш кететіні өкінішті. Әйтпесе, Еркін Шымырқұлов кімнен кем?! Оқуы да, тоқуы да, тәжірибесі де өзгелерге үлгі боларлық кәсіби актер.

Әрине, сыпыра айтудан аулақпыз. Түрлі деңгейдегі Алғыс хаттар мен Грамоталармен наградталған. Десек те өнердің өз адамына бұл аздық етпей ме, қалай ойлайсыз? Мақтау қағаздан гөрі мемлекеттік награда беретін уақыт жетті емес пе? Әдетте атаққұмарлардың жолы болып, шын таланттар тасада қалып кете беретіні рас. Бұл жолы да солай болып тұрған сияқты… «Ұяты бардың бір несібесі кем» десек те талантты тани білген, құрметтей білген де жөн-ау.

Жәмила ЖАЙЛАУБЕКҚЫЗЫ,