Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/class-wp-token-map.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/l10n.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/query.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/rest-api/endpoints/class-wp-rest-users-controller.php on line 1
ШЫМКЕНТТЕ ТҮРКИЯЛЫҚ ГАЗИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ФИЛИАЛЫ АШЫЛАДЫ — Nysana.kz — Ақпарат агенттігі

ШЫМКЕНТТЕ ТҮРКИЯЛЫҚ ГАЗИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ФИЛИАЛЫ АШЫЛАДЫ

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректоры Ержан КЕРІМБЕКОВпен сұхбат.

– Ержан Рахымжанұлы, соңғы жылдары елімізде ғылым саласына нақты бетбұрыстар жасалып жатыр. Бұл қолдауды өзіңіз жетекшілік етіп отырған сала қаншалықты сезінуде?

– Ғылымды дамытуға арналған арнайы заң жобасының қаралуы саланы алға жылжытатын елеулі өзгеріс. Жаңа заң жобасына сәйкес бұрын ғылымға, зерттеу жұмысына басымдық берілсе, енді ізденістің қоғамға сұранысы мен  қолданысына талап күшеюде. Бұл өз кезегінде соңғы бір-екі жылда елімізде ғылым бар екенін айғақтай бастады. Яғни барлық ғылыми зерттеу нәтиже күйінде қалып қоймай, ары қарай өндіріске енгізіліп, қоғамға пайдасын  тигізетін тетіктер жүзеге аса бастады. Гранттық жобаларды мемлекет тарапынан қаржылай қолдау еселеп артты. Бұл Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауларындағы тапсырмасына, ҚР Ғылым және Жоғары білім министрлігінің қолдауына сәйкес қадам-қадамымен жүзеге асып келе жатқан ауқымды жұмыс. Биылдың өзінде министрлік тарапынан  еліміздегі ғылыми зерттеу гранттарына 130 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр.

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да жыл сайын ғылым көкжиегі кеңейіп келе жатқанына нақты көрсеткіштер дәлел бола алады. Мәселен, 2022 жылы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті тарапынан мақұлданған жобалардың қаржы көлемі 17 407 мың теңге болса, былтыр бұл көрсеткіш күрт өсіп, 400 миллион теңгеден асты. Биыл ғылыми зерттеу гранттық конкурстарына қаржы көлемі 3 миллиард теңгеден асатын 36 жоба ұсынылды. Ал, 2021 жылы 5 ғалым Президенттің «500 ғалым» жобасы аясында «Болашақ» стипендианты атанып, шетелде ғылыми тағылымдамадан өтті. 2022 жылы бұл үрдіс жалғасып, 6 ғалым стипендиант атанса, былтыр 11 ғалым тағылымдамаға барды. Жас ғалымдарды жеңілдетілген бағдарламамен баспанамен қамту жобасы аясында үш бірдей ғалымымыз пәтер кілтіне ие болды.

– Жақсы жаңалық екен, ендеше ғалымдардың ізденістері де ілгері болар?

– Иә, мемлекеттік қолдау ғалымдардың серпілісіне сенім ұялатады. Өткен жылы ҚР БҒМ білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған журналдарға 87 ғылыми мақала жарияланған. Сондай-ақ, «профессор-зерттеуші», «доцент-зерттеуші» лауазымдары енгізілді. «Информатика педагогін даярлау» БББ бойынша диссертациялық кеңес ашылды. Университет Басқарма төрағасы-ректор міндетін уақытша атқарушы Гүлжан Дәулетбекқызының бастамасымен оқу орнының кітапханасы ғылыми бағытта қайта трансформацияланды. Айта берсек,  ауқымды шаралар өте көп.

– Ғылымды дамытуда халықаралық қатынастың маңызы орасан екені белгілі, бұл бағытта қандай жұмыстар жүзеге асуда?

 

– Жоғары оқу орындарында халықаралық қатынасты арттырудың мақсаты – әлемдік бәсекеге қабілетті маман даярлау. Ескеретіні, біздің университет тек қана педагог мамандарды даярлайды, яғни, ғылыми зерттеу тақырыбында ерекшелік бар. Мәселен, соңғы кезде елімізде инклюзивті білім беруге көп көңіл бөлінуде. Бұл өркениетті елдерде дамыған сала. Біздің болашақ мамандар шетелде тағылымдамадан өтіп, сол тәжірибені өзімізге әкеле алады. Бұл бағытта АҚШ-тың Калифорния, Германияның Мюнхен, Түркияның Гази университеті сияқты бірнеше оқу орындарымен байланыс орнаған. Соның ішінде бауырлас түркі елінің білім беру және педагогика саласы бойынша әлемдегі жетекші университеттердің қатарындағы 27-орыннан табылатын Гази университетімен стратегиялық серіктестік  орнатып, филиалын ашу жоспарымызда бар.

– Демек, енді жергілікті студенттер шетелдік университеттің дипломын Шымкентте иелене алады ғой?

– Дәл солай. Тарқатып айтар болсам, Гази университетінің филиалын ашу бойынша тиісті құжаттар мен келісім шарттар 2023 жылдың ақпан  айында аталмыш оқу орны тарапынан рәсімделіп, Түркия Жоғары білім кеңесіне ұсынылған. Филиалды ашу Түркияның заңнамасына сәйкес Президент жарлығымен рәсімделеді деп шешім күтілуде. Филиал аясында іске асырылатын екі қосдипломды әрі ортақ білім беру бағдарламалары физика және ағылшын тілі педагогін даярлау бойынша біздің оқу орны тарапынан ҚР БББ реестріне тіркелген. Айта кетерлігі, бұған дейін тәжірибеде болғанындай, қазақ-түрік ынтымақтастығы нәтижесіндегі ЖОО-да еліміздің білім беру бағдарламасы оқытылған болса, бізде халықаралық талапқа сай Түркия білім беру бағдарламасының озық тәжірибесі мен әдістемесі үйретіледі. Гази университеті филиалын ашудағы ерекшелік те осы болып тұр.

– Шетелдік бірнеше университеттермен халықаралық қатынас жақсы жолға қойылғанын жоғарыда айтып өттіңіз. Осы тұста филиал ашуда таңдау неге түркиялық оқу орнына түсті деген сұрақ туындайды.

– Орынды сұрақ. Біріншіден, айтып өткенімдей, Гази университеті білім беру бағдарламасы халықаралық талаптарға сай, дүние жүзіндегі озық оқу орындары арасында 27 орында тұрған университет болып табылады.  Екіншіден, педагог маман даярлау тек білім берумен емес, тәрбие арқылы да жүзеге асатынын ескерсек, түрік елі болмысы мен дәстүр-салты қазаққа жақын, бауырлас ел. Қазіргі таңда оқытушылар мен студенттерге алдын-ала дайындық барысы бойынша университетімізде тегін түрік тілін оқыту орталығы жұмыс істеп, Түркия Білім министрлігінің қызметкері Омер Өздемир арнайы келіп, сабақ үйретуде. Курс Түркияның Алматы қаласындағы Бас консулдығының тікелей қолдауымен жүргізіледі.

Университет бүгінгі таңда қандай ғалымдармен мақтана алады және олардың ғылым саласына қосқан үлестері қандай?

– Өздеріңіз жақсы білетіндей, техника ғылымдарының докторы, профессор Әбдімәлік Әшіровтің әлемдік азық-түлік қауіпсіздігінің алдын алуға арналған, астық өнімділігін тыңайтқышсыз елу пайызға дейін  арттыруға болатын ғылыми жаңалығы бүгінде көпшілік назарында. Бұл технология әлемнің сегіз елінде сынақтан өтіп, еліміздің бірқатар  аймақтарында жемісін беріп жатыр. Сондай-ақ, доцент, педагогика ғылымдарының кандидаты Алданазар Әмірбекұлының мектеп бағдарламасын жеңілдету туралы әзірлеген ғылыми еңбегі де елеулі, орта білім беру мекемелерінде қолданысқа енгізілмек. Роза Қадырбаева, Хадиша Әбдірахманова, Ғалия Мәдібекова сияқты көрнекті ғалымдар, сондай-ақ, Перизат Абдуразова, Баян Уәлиханова, Ақбілек Мыңбаева, Маржан  Дүйсенова, тағы басқа талантты жас ғалымдар бар. Бұл ғалымдарымыз жоғары және орта білім мазмұнын жаңарту, жаңа педагогикалық әдістеме, білім беруде жасанды интеллектті қолдану, STEM технологиялары, геймификация, заманауи педагог құзіреттері секілді бірқатар салаларда қаржыландыру көлемі 60 млн. теңгеге дейін жететін ғылыми зерттеу гранттарына жетекшілік жасауда. Университетімізде гранттық қаржыландыру аясында барлығы 12 жоба жүзеге асырылып жатса, оның ішінде «Жас ғалым» конкурсының 5 үміткері бар.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Мерей Уалиханқызы.