Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/class-wp-token-map.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/l10n.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/query.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/rest-api/endpoints/class-wp-rest-users-controller.php on line 1
«Атжалман ғасырда» талай тарихқа қанықтық — Nysana.kz — Ақпарат агенттігі

«Атжалман ғасырда» талай тарихқа қанықтық

Биыл қазақ театр өнерінің негізін қалаушы, қазақ даласында тұңғыш кәсіби театр ашқан Жұмат Шаниннің туғанына 130 жыл. Осыған орай Шымкенттегі академиялық театр өз көрермендеріне үлкен сый жасады.

Драматург С.Қасымбектің «Атжалман ғасыр» пьесасы сахналады. Аншлагпен өткен премьераға Жұмат Шаниннен қалған жалғыз тұяқ Қасымханның қызы Жанат пен ұлы Болат арнайы келіп қатысты. Бұдан бөлек Қазақстан театрлары ассоциациясының вице-президенті, Астана музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров,  театртанушы, Өнертану ғылымының магистрі Айзат Қадырәлиеваның да келуі шымкенттік театр сүйер қауымның мерейін көтерді.

130 жылдық дата елімізде мерейтойлық жас мөлшері тізбесінде жоқ. Содан да болар, елеулі бұл іс-шарадан қала билігі, қалалық мәдениет басқармасы тыс қалды. Мұны байқаған Асхат Маемиров «Қазаққа кәсіби театр ашып беріп, үлкен сый жасаған жанның жанкешті еңбегін ұмытуға қақымыз жоқ. Осындай тұлғаның құрметіне жасап жатқан игі іс тек бір театрдың ғана іс-шарасы болмауы керек еді…», — деп назын айтты.

Әрине, Ж. Шанин атындағы академиялық театрдың Жұмат Шанинды еске алуға арнаған бұл іс-шарасына қолдау білдіргендер жоқ емес. Мысалы, театр іргесіндегі әл-Фарбаи атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры, ф.ғ.к Анар Жаппарқұлова бастаған ұжым алыстан ат арылтып келген қонақтармен оқырмандардың кездесуін ұйымдастырды. Кездесуде Болат, Жанат Шаниндер атасы жайлы естеліктер айтып, Асхат Маемиров, Айзат Қадырәлиева зұлмат заманның құрбаны болған Жұмат Шаниннің өмірі мен театр құру жолындағы аңызға бергісіз еңбегі жайлы қызықты деректер айтты.

«Жанбике – сұлулық пен қайсарлықтың символы. Жұматтың идеясына адал серік болған жан қазақ әйелінің жарқын бейнесі» деген Асхат Маемиров Жұмат Шаниннің өмірде ғана емес өнерде де сенімді серігі бола білген, театр әртісі болған Жанбикенің ерлік ісін дәріптеуді де ұмытпау керектігін атап өтті. Ал талантты театр сыншысы Айзат Қадырәлиева көп театрға тән кемшілік — авторды, шығарманы өзге жақтан іздейтіндігін, өз қолымыздағы алтынның қадірін білмейтінімізді, мысалы, Жұмат Шанинның «Арқалық батырынан» өзге «Шахта» пьесасы, «Торсықбай» комедиясының бүгінгі театрлардың репетруарынан табылмауын сынады. Қазаққа театр ашып, сыйлаған жанның сан қырлы талант болғанын да ескермейтініміз өкінішті. Әйтпесе, Ж.Шанин театрлық қойылымдардың арасына ішінара кіріктіру арқылы «Киіз басу», «Қоян-бүркіт», «Өрмек», «Шашу» билерін насихаттаған, көрермендермен қауыштырған жан.

Қазақ даласында кәсіби театр ашудағы Жұмат Шаниннің жанкештілігіне дәлел ретінде мына бір оқиғаны айтсақ та болар. 1927 жылы  қазақстандық өнер шеберлерін бастап Ж.Шанин Мәскеу қаласында өткен этнографикалық онкүндік концертке қатысады. Қазақстанда ең алғаш театрдың ашылғанына небәрі бір-ақ жыл болған кез. Театрға қажетті құрал-жабдық, әртістердің киімін айтпағанда декорацияға қажетті заттарды алуға қаржының жоқтығы қолды байлап отырған заман. Осы кезде ғой, Жұмат Шанин, Иса Байзақов, Құрманбек Жандарбеков үшеуі гастролге шыққанда билет алмай, пойыз жүріп бара жатқанда соңғы вагонға жармасып мінетіні. Ондағысы үш адамның билетінен үнемделген ақшаға театрға қажет зат алуға жұмсау екен. Не керек, Мәскеудегі онкүндікке бара жатып, аңғал-саңғал, ашық-шашық ескі вагонда Жұмат пен Жанбикенің алты айлық баласы Аян суықтап, шетінейді. Бүкіл ұжым, бір елдің өнер майталмандары «Мәскеуге қазақ делегациясы қаралы хабармен жетті», «Отанымыздың жүрегі – Москваға баласының сүйегін алып келіпті» деген жаманатқа қалмас үшін баласының өлімін жасыруға тура келеді. Көкірегі қарс айырылып, шерменде көңілде тұрса да жан-жары Жанбике де сыр бермеуге тырысады. Ешкімге білдірмей, көзден таса етіп, Мәскеудегі мұсылмандар зиратына апарып, екеуі баласын жерлейді.

Драматург Сая Қасымбек айтады: «Қазақстандық өнер ұжымын бастап Жұмат Шанин 1936 жылы Мәскеудегі есеп беру онкүндігіне «Қыз Жібекті» алып барған. Спектакльге Сталин бастаған ЦК мүшелері түгелдей келеді. Спектакль басталар алдында сахнаның шымылдығы (занавес) техникалық ақаулармен ашылмай қалады. Бас режиссер Жұмат Шанин мен Қазақстанның сол кездегі «Наркомы» Темірбек Жүргенов қанша шырылдап әрекет еткенімен, шымылдықтың ашылуы 12 минутқа кешігеді…». Жұмат Шаниннің «халық жауы» атанып, «Сталинге қастандық жасамақшы болды» деген жаламен қуғын-сүргінге ұшырауы да осы 12 минут үшін еді.

Сая Қасымбектің «Атжалман ғасыры» да дәл солай, көрерменге 12 минут кешігіп барып шымылдығын түрді. Қоюшы режиссер Б.Құрманқожаевтың қолтаңбасы аңғарылады. Жалпы қойылым көрерменге жұп-жұмыр күйінде жетті. Артық-кемі жоқ дүние бір қарағанда көрермен үшін нүктесі қойылмаған, әлі де жалғасы бар спектакль іспетті әсер қалдырғаны да рас. Бұл режиссердің шеберлігі. Шымылдығы 12 минут ашылмаған сахнаға автордың бар айтар ойын сидыра білген. Әрине, автормен бірлесе отырып жасаған ұйғарым сәтсіз болмайтыны анық. Бастысы бұл спеткакльде декорация «сөйлеп» тұрды. Аузынан жалын шашқан әбжыландай бір ұлттың бетқаймағын сылып алып жалмаған пойыздың Мәскеу төріндегі Кремльдің «көмейінен» кіріп-шығуы да өте әсерлі шыққан. Ал, бір ұлттың мәселесін шешкен Карлик (әртіс С.Әзімқұлов), Вышинский (О. Мұсабеков), (Берия (Е.Тұрымбеков), Голощекин (М.Тауасар), Мирзоянның (С. Алмұратов) Қазақстан АСР-інің географикалық картасы үстінде шешім қабылдап, мәселе шешуі де декарацияның ерекшелігі болды. Сталиннің сахнада тек «мүштігі» ғана көрінуі, сол арқылы ғана айтар сөзінің берілуі, Ж.Шаниннің ұлы, талантты скрипкашы Раупбектің де образы сахнада күй ойнаған скрипка арқылы берілуі әсерлі шықты. Бұл әрине, театрдың қоюшы суретшісі Қ. Жұмақұловтың еңбегі. Ал, әртістер «Атжалман ғасырда» жанын беріп ойнады. Жұмат Шанин образын сомдаған әртіс Ерсін Аманғалиев өзіне артылған жүкті арқалап шыға білді. Жанбикені де әртіс М. Зияева келісті сомдады. Спектакльде театрдың барлық әртістері жүрді. Массовкіде, қосалқы құрамда театр труппасы қойылымға түгел үлес қосқандай әсерде болады көрермен.

Айтпақшы… «Қасымхан Шанин Жұматтың баласы емес» деген де деректер бар?» деген көптің көңілінде жүрген дүдәмал ойға осы жолы нүкте қойылды. Ж.Шаниннің ұрпақтары бар шындықты айтты. Жұмат Шанин қуғынға ұшырап, әйелі Жанбике де темір торға қамалып, зобалаң басталғанда үлкен ұлы Раупбегі де қуғынның салқын салдарынан көз жұмғанда Жұмат Шаниннің туған інісі Әкіш Шанин Қасымханды өз атына жаздырып, «менің балам» деп арда азаматтың ұрпағын аман алып қалады. Жанбике түрмеден шықса да Қарағандыдан шығуға рұқсаты болмаған жан. Сондықтан Қасымхан Әкіштің тәрбиесінде, Шымкентте өсіп-өнеді. Қасымхан Шаниннен 3 қыз, 1 ұл тараған. Шымкентке атасының 130 жылдығына орай қойылған «Атжалман ғасырдың» премьерасына келген Болат пен Жанат солар. Болат Шанин ата жолын қуған режиссер.

Бір қойылымның премьерасында осылайша талай тарихқа қанықтық. Осындай тағлымды қойылымдар мен кездесулер көп бола берсе екен.

Жәмила ЖАЙЛАУБЕКҚЫЗЫ