Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/class-wp-token-map.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/l10n.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/query.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/rest-api/endpoints/class-wp-rest-users-controller.php on line 1
Шымкенттегі Тоқаев қай Тоқаев? — Nysana.kz — Ақпарат агенттігі

Шымкенттегі Тоқаев қай Тоқаев?

Елді дауластырмай, адастырмай көшенің аты-жөнін анықтап жазуға не кедергі?!

Шымкент қаласындағы Тоқаев көшесі жөнделіп жатыр екен. Бұл туралы жазылған әлеуметтік желілердегі ақпараттарға қатысты қала тұрғындары арасында пікір қайшылығы туындауда. Мегаполисте не көп көше көп. Оның бірқатары биыл, дәл осы күндері жөнделіп жатыр. Алайда, «Тоқаев көшесі жөнделді» деген ақпаратқа қатысты неге дау туындауда?

Мәселе, ол көшенің жөнделіп жатқанында емес. Осы кезге дейін қоқысы шашылып, жаяу жүргіншілер жолы жоқ боп кеткен көше болатын. Жөнделетін уақыты жетті ғой ендігі. Даудың басы  бүгінде осы көшені «Кемел Тоқаевтың құрметіне қойылған» деген ақпараттың айтылуынан болса керек-ті. Айтпақ түгілі ресми орган, әкімшілік құрылымдар бұл көшені расымен де Кемел Тоқаев көшесі деп жүр. Солай жазады да. Олай болса дауласып жатқан екінші тараптың айтып жүргені не уәж? Кемел Тоқаев болмаса бұл көше қай Тоқаевтың құрметіне қойылған?

Белгілі шежірші, қала тарихын жақсы білетін, бұл тақырыпта өнімді қалам тербеп жүрген жазушы Момбек Әбдіәкімұлы былай дейді:

–Шымкентте 1891 жылдары татар, поляк мектептері, медреселер болған. Татар мектебі бастапқыда Қырғы базар жақта болғанға ұқсайды. Сосын оны қазіргі Тұрысов көшесі маңына көшірген білем. Сондағы Русская көшесі тарихи жазбаларда кездеседі. Ал «Школа Токая» деген атауды мен архивте білім саласына қатысты тарихи құжаттардан көргенмін. Бертін келе оны қазіргі Пушкин мектебіне көшірді-ау. Ал анау ат- «Тоқай мектебі» деген атау ел аузында сол күйі қалды. Тоқайдың мектебі болған көше деген түсінікпен.
Уақыт өте келе бұл кеңес дәуірінің интерноциалдық тәрбие, ұлттар достығы, халықтар бірлігі дегенді насихаттау қызған шақта татардың белгілі ақыны Ғұбайдулла Тоқаевтың есімімен көше атау үрдісіне ұласқаны анық. Мәселе осыдан шықса керек. Әйтпесе, ол татар ақынының да Шымкентке қатысы жоқ. Көше, мектеп аттарын кеңестік идеология кезінде әр ұлттың белгілі тұлғасының атымен атаған заманның белгісі ғана. Олай болса бұл көше неге енді Кемел Тоқаев көшесі болғанын мен де түсінбеймін? Дәл осы көшені солай атау жөніндегі шешім, қаулы болса оны жарияласын.

Білетінім баяғы «улица Русская» деп жазылған көше бұрын – Тоқай мектебі болған көше түсінігімен астасып ел аузында жатталған. Ол Тоқайдың Кемел Тоқаевқа қатысы жоқ.

Шежіреші-тарихшы жазушы Момбек Әбдіәкімұлы ағамыз осылай де отыр.

Шымкентте тұрмайтындарға, тұрса да бұл көшенің қайда екенін білмейтіндерге айта кетейік, бұл көше бұрынғы «Восход» тігін фарибкасы орналасқан көше. Түркістан көшесімен қиылысады. Анау айтқан үлкен көше де емес. Шағын. Ескі қалашыққа бастайды. Құрылыс заттарын сататын сауда орындары орналасқан көшеге бет алсаңыз Тоқаев көшесімен жүресіз. Қазыбек би көшесіне параллель.

Былайғы жұрттың білмейтіні де заңдылық. Себебі бұл көшеде анау айтқан мекеме, ел іздейтін ғимарат жоқ. Тігін фабрикасы тоқтағалы қашан. Жекеменшікке өткен цех қана бар. Фабриканың қалған ғимараты жекеменшік оқу орны сияқтыларға жалға беріліп кеткен. Тек коммуналдық қызметтерге ақы жинаумен айналысатын «Энергопоток» серіктестігі,  Қаратау аудандық және қалалық тергеу соттарының ғимараттары орналасқан демесеңіз.

Елдің назары мемлекет басшылығына Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев келгелі осы көшеге ауа бастағаны жасырын емес. Бәлкім, «Тоқаев көшесі жөнделді» деп жалындата ақпарат таратқандардың да көксегені Президентке деген ілтипатты білдіруге әркекеттенгені болар. Кім білсін-ай?! Бәрі де мүмкін ғой… Оның үстіне Президенттің әкесі болғанымен, қазаққа  ұлынан бұрын танымал болған, ұлт жазушысы, қазақ әдебиетінде детективтік жанрдың негізін салушылардың бірі ретінде жиі ауызға алынатын Кемел Тоқаевтың құрметіне қойылуы да әбден мүмкін жағдай емес пе?! Көпшіліктің солай ойлап жүргені де содан болуы мүмкін ғой.

Алайда, бір нәрсе анық. Ақын-жазушыларын түгелдеп, олардың есімін жаңғыртып, көше, мектеп атын беру ісі жаппай қолға алынған ел Егемендігін алған – тоқсаныншы жылдарға дейін-ақ бұл көше Тоқаев деп аталған.  Оның үстіне сол кезеңде, яғни тоқсаныншы жылдары Шымкент қаласының бас идеологы болған, қала әкімінің орынбасары болған (марқұм) Шаруа Пірмат ағамыздың көзі тірісінде БАҚ-қа берген сұхбатында бұл көшенің қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесіне ешқандай қатысы жоғын айтқанын білдік.

Шымкент қаласы мен Оңтүстік өңіріндегі жер-су аттары туралы жинақ шығарып, кезінде облыстық ономатистка комиссиясында болған, тіл жанашыры, бүгінде қалалық соттың баспасөз қызметін басқаратын Қабыл Дүйсенбидің де айтары осы.

-Сексенінші жылдардың аяғында бұл көшені жұрт «улица Токая» деп атайтын. Кейіннен Тоқаев болып кеткен шамасы. Белгілі ақын Ғабдолла Тоқаевтың құрметіне қойылған болуы мүмкін,-дейді ол.

Олай болса, елді шатастырып ауық-ауық «Бұл көше Кемел Тоқаев атындағы көше» деген ақпаратты жария етушілердің көксегені не?

Білетіндердің айтуынша Сайрам ауданындағы бір ауылда Кемел Тоқаев атында көше болған. Ал ол ауыл Шымкент қаласына қосылғанда көшенің аты өзгеріп кеткен. Неге? Неге сақтап қалмадық?

Қазір «Тоқаев» деп жүрген көшені «президент Тоқаевтың әкесінің атында, соның құрметіне қойылған» дейтін әкімдіктегі азаматтар Сайрам ауданынан қосылған ауылдағы көшенің атауын неге сақтап қалмағандарын түсіндірсе жақсы болар еді. Бәлкім біз де қателесіп отырған болармыз. «Тоқаев көшесі» деп жүргеніміз шынында да Кемел Тоқаевтың құрметіне берілген болар. Ондай жағдайда көшені қайта атау жөніндегі ономастикалық комиссияның шешімі, мәслихат депуттарының мақұлдауы болуы керек. Сол құжатты «Міне, мына жылы осылай ауыстырылған» деп көрсетсе болғаны. Әйтпесе, уақыт өте келе ұдайы осы көшеге қатысты дау туындауда. «Бұл қай Тоқай?» деген.

Бір топ зиялының «тарихты бұрмалай беруге болмайды. Бүгін Президенттің әкесінің атындағы көше деп жүргендер ертең басқалай деп айнып кетуі әбден мүмкін» деуінің де жаны бар. Ондай мысалдар аз ба бізде?

Белгілі қаламгер Кемел Тоқаевқа Шымкентте көше атының берілуіне ешкім де қарсы емес. Бұл жердегі мәселе, анық-қанығын білу. Егер ол Кемел Тоқаевқа қатысы болмаса, қай Тоқайға қатысы барын ашып айтып берсе дейміз? Әйтпесе, уақыт өткен сайын осындай ұсақ-түйектен тарих беттері түрліше қалыпқа өзгертіліп кете беруі мүмкін. Зиялы қауымның қауіп етуі де осында. «Барын сақтай білсек, жоғын түгендесек» дейді. Тарихтың.

Себебі, дәл осы көшеде «Тоқаев көшесі» деген жазудан ештеңе түсіну мүмкін емес. Аты жазылмаған. Атының бас әріпін көрсетіп қойыңдаршы, оу, көше атына жауапты азаматтар?! Ел сонда адаспайтын, дауласпайтын болады…