Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/class-wp-token-map.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/l10n.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/query.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/rest-api/endpoints/class-wp-rest-users-controller.php on line 1
Әкімдер халықты неге алдайды? — Nysana.kz — Ақпарат агенттігі

Әкімдер халықты неге алдайды?

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай ауыл, аудан әкімдері тоқсан сайын халықпен кездесіп, атқарған жұмысына есеп беруге міндетті. Бұл қабылдауына оңайлықпен кіре алмайтын тұрғындар үшін қордаланған мәселені шенеуніктерге төтесінен қоюға үлкен мүмкіндік. Әрине, әкімдер халық алдындағы қызметін майдан қыл суырғандай етіп әдемілеп айтып, болашаққа деген жоспарын баяндайтыны белгілі. Оны қолдап, «дежурный» бір қария батасын беретіні де үйреншікті әдетке айналғалы қашан. Бірақ, қазір халық ақымақ емес, «кәмпитке» алданатын кезден өткен. Солай болса да жаттанды сценарийді саясат сахнасына шығаратындар қатары сирейтін емес.

Өткен аптада Сарыағаш ауданына жолымыз түсті. Алдымен аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Мұрат Байғабұловпен сұхбат құрып, ауылдарды жарық, су, газбен қамту мәселесін сөз еттік. Бөлім басшысына рахмет, аудандағы өзіне қарасты саладағы жұмыстарды егжей-тегжейлі етіп түсіндіріп берді.

Таразының екі басы бар демекші, билік өкілдерінің мәліметімен қаруланған соң, жергілікті тұрғындардың да талап-тілегіне құлақ түргіміз келді. Оның үстіне «құрттаған су ішіп отырмыз» деген азаматтардың шағымы қаншалықты рас екеніне көз жеткізгіміз келіп, Жылға ауылына жол тарттық. Бізді Жылғаға жеткізген жүргізуші ауыл ахуалына жаны ашитын елгезек жанның бірі екен, сапарымыздың мақсатын түсінген бойда көмекшімізге айналды. Ауылды аралатып, судың, жарықтың жағдайымен таныстырды. Дәл осы мезетте ауыл әкімінің орынбасары (ауыл әкімі еңбек демалысында екен) Серік Алтынбековтың С.Сейфуллин атындағы мектепте тұрғындармен кездесу өткізетінін есітіп, сол жерге бардық.

С.Алтынбеков слайд арқылы атқарылған жұмыстарды баяндап шықты. Сырттай қарағанда бәрі дұрыс, бәрі керемет. Кезек ауыз су мен газ мәселесіне келгенде әкімнің орынбасары былай деді: «Мердігер компания биыл жұмысын бастайды, ұңғыма қазылады. Келесі жылы тұрғындар құбыр суын ішетін болады. Газға қатысты құжаттарды облыстық салалық басқармаға өткізіп қойғанбыз. Олар биылғы жылға аз болса да ақша бөлудің жолын қарастыруда, ал 2024 жылға қаражатты 100 пайыз қойып береміз деп отыр. Төрт ауылға газ құрылысы жүргізілмек, оны аудан басшылығы үнем болған қаражат есебінен жүргізетінін айтуда. Бұйыртса, 2024 жылы газ келуі тиіс».

Бұл жаңалық жергілікті тұрғындарға майдай жаққаны түсінікті. Алайда, 2 сағат бұрын ғана тілдескенімізде аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы айтқан мәлімет мүлдем бөлек болатын. Осы қарама-қайшылықты біле тұра үнсіз қала алмадық. Жиналыс барысында сөз алып, мәселені төтесінен қойдық.

Аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Мұрат Байғабұлов (суретте) бізге мынадай нақты, ресми мәлімет ұсынған болатын: «Жалпы, Сарыағаш ауданында көгілдір отын Таскескен газ таратушы стансасы арқылы Жылға ауылдық округінің Шымырбай елдімекеніне берілген. Жылға елдімекенін газдандыруға қатысты 1 млрд. 300 миллион теңгеге жоба жасалып, ол республикалық бюджетке ұсынылған. Бірақ, 2023 жылы Сарыағаш ауданы ғана емес, облыс, тіпті бүкіл Республика бойынша газ қысымының төмендігіне байланысты «Қазақгаздан» тиісті министрлікке хат жолданған екен. Сол себепті бірде-бір жобамыз қолдау таппады. Яғни, бұл мәселе тағы да алдағы уақыттың еншісіне қалдырылып отыр.

Ауыз суға қатысты Президенттің тапсырмасы бар. Онда елдімекендерді 2025 жылдың соңына дейін таза ауыз сумен қамтамасыз ету туралы айтылған. Сол тапсырмаға сәйкес аудан әкімі жіті бақылауда ұстап отырған жобалардың бірі — Жылға елді мекені. Нақтырақ айтар болсақ, Жылға елді мекенінде 850-ге жуық абонент бар. Оның ішкі жүйесінің жобасы 1 млрд 900 млн. теңге. Қазіргі таңда облыстық басқарма тарапынан конкурс ұйымдастырылып, жеңімпаз анықталды. Қыркүйек айында таза ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысын бастағалы отырмыз. Республикадан қаржының бөлінуіне байланысты 2025 жылы тұрғындарға ауыз су берілу көзделуде. Қазіргі кезге дейін тұрғындар ауласынан өздері қазған ұңғымадан, құдықтан су ішеді. Одан бөлек Қарамерген деген жерден Жылғаға техникалық су тартылған. Сол суды жалдамалы «водовоз» арқылы алдырып, малға, егінге, кір жууға пайдаланады».

Біз осы жайтты жасырмай айтып, халықты шынайы ақпаратпен қамтуға тырыстық.

Кездесу барысында ауыл әкімінің орынбасарына нақты сұрақтар да қойылмай қалмады. Айталық, Зура Қыстауова (суретте) мынадай мәселені қабырғасынан қойды: «Біз ауыз судан қиналып отырмыз. Қайынатамыз суды аңсаумен өмірден өтті, енді біз де таза суға қол жеткізе алмай өліп кетуіміз керек пе? Жасым 65-те. Қысы-жазы қиналамыз. Ал мына көрші жатқан Шымырбайда газ бар, Дарбазада су бар, Әлімтауда су мен газ үйлеріне дейін келіп тұр. Неге бізде дым жоқ? Жылғалықтар жуас халықпыз, бас көтерер адамымыз жоқ. Бізге жәрдем беріңіздер».

Жиналыс әрмен қарай созыла берсе көп шындықтың беті ашылады деді ма, әйтеуір қызу талқы барысында көпшіліктің арасынан бой көрсеткен бір қария жерлестеріне басу айтып, әкімдердің көп жұмыс істеп жатқанын еске салып, ақ батасын берді. Тура жоғарыда айтылған сценаридағыдай. Осылайша кездесуге келген жұрт үйді-үйіне тарқасты. Бірақ қызу пікірталас сыртта басталды. Әкімді жақтайтындар мен жұмысына көңілі толмайтындар екі топқа бөлініп, жаға жыртысуға дейін барды. Ал тұрғындарға есеп берген ауыл әкімінің орынбасары Серік Алтынбеков өзінің көпшілікке ұсынған мәліметті халықпен кездесуге келгенде аудан әкімінің өзі айтқанын алға тартып, ақталуға тырысты. Халыққа есеп берер алдын аудандағы тиісті бөлімдерден неге нақты, ресми мәлімет алмағанын сұраған сауалымызға жауап болмады. Осы оқиғаға куә болған ауыл тұрғындары аудан әкімінің өзі бізді сұлу сөзбен алдап, «құлақтан теуіп кеткен екен ғой» деген ренішпен тарқасты. Сонда әкімдер халықпен кездесуге оларды алдау үшін келеді ме, түсінбедік. Есесіне, жергілікті тұрғындардың ауыз суға, көгілдір отынға қатысты айтып жүрген арыз-шағымдары негізсіз емес екені аңғарылды. Жылға ауылының жағдайы, ол жаққа су мен газ қашан келетіні біздің назарымызда болмақ.

Ұлықбек ҮМБЕТ.