Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/class-wp-token-map.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/l10n.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/query.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/rest-api/endpoints/class-wp-rest-users-controller.php on line 1
Оқу жүйесін өзгертпей, озық ел бола алмаймыз — Nysana.kz — Ақпарат агенттігі

Оқу жүйесін өзгертпей, озық ел бола алмаймыз

«Ата-бабаларымыз жауынгер, батыр болған» деп мақтанғанда алдымызға жан салмаймыз. Рас, бабаларымыз батыр болған, бұл тарихымызды тану үшін қажет дүние. Ал болашағымыз қандай болады? Мұны болжау үшін кешегімізбен шектелу жеткіліксіз, бүгінімізге де көз салуымыз керек. Өкінішке қарай, бүгінгі жастардың дені әлсіз болып барады. Қолына қару алып жауға қарсы шабу былай тұрсын, ауыр жұмысты көтере алмай асылып қалып жатқандар бар. Әскердегі ауыртпалықты айтпағанда, күнделікті тіршіліктің түймедей қиындығын түйедей көретіндер жетіп артылады. «Қызым тастап кетті» деп өмірден түңілгендер де табылады. Мұндай осал ұрпақ отанын қалай қорғамақ?

Ақиқатын айтқанда, боркемік болашақ тәрбиелеп жатқан өзге емес, өзіміз. Біз осы баланы тым өбектеп жіберген жоқпыз ба? Балабақшада тәрбиешінің айтқанын тыңдамағаны үшін май құйрықтан тартып қалған тәрбиешіні түтіп жеуге даярмыз. Мектептен немесе көшеден жылап келген баланы жігерлендірудің, намысын қайраудың орнына кінәліні іздеп тауып, «ит терісін басына қаптауға» бейім болып кеттік. Осындай «шамадан тыс қамқорлықты» көріп өскен бала боркемік болмағанда несі қалды? Бала күнінде қиындықпен бетпе бет келіп, шыңдалып өсіп, қайралып ержетпеген жеткіншектен ертеңгі күні қолына қару ұстап, отанын қорғайтын қайсар ұл жетіліп шығады деу қисынсыз.

Бүгінгі аға буын мектепте жүргенде кезектесіп сыныптың еденін жуатын. Есік-терезені сүртіп, партаны жалтыратып қоятын. Апта сайын сенбілікке шығатын. Қоңыр күзде жоғары сынып оқушылары айлап мақта терім, басқа да шаруашылыққа көмектесуге кететін. Бүгінде мұның барлығына бала құқын таптайтын тірлік есебінде тыйым салынды. Еуропаға еліктеп, Жапонияның жетістігіне қатты қызығатынымыз рас. Сол жетістігімен өзін әлемге мойындатқан Жапонияңызда әліге дейін мектеп оқушылары еденді өздері жуып, шаң-тозаңды өздері сүртеді. Асханадағы ас ішкен ыдысын өздері жуып-тазалайды. Баламыздың құқы тапталды деп жер тепкілеген ата-ана жоқ. Керісінше, бала өздері тазалаған сыныпты барынша таза ұстауға тырысады. Бірін бірі осыған үгіттейді, керек болса талап етеді. Өйткені, еңбектің қадірін біліп өсуде. Ендеше, неге біз Жапонияның жетістігіне қызығамыз да, сол жетістікке жетелейтін үрдісіне үңілмейміз, еңбекқорлығынан үлгі алмаймыз? Еңбек баланы өсірмесе, өшірмейтіні анық.

Бұдан 30-40 жыл бұрын Балтық елдерінде оқуға сырт елден барғандарды қинамай 3 деген баға, сұраса 4 пен 5-ті де қойып бере береді, ал өз студенттері білмесе төмен баға қоймай, құлатады дегенді естуші едік. Себебі олар үлгерімі төмен студенттен жоғары жетістік пен жаңалық ашуды күтуге болмайтынын білген. Бүгінде «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келді деп төбемізге көтеріп жүрген азаматтарымыз да тегін 3 пен оңай 4,5-ті алып оқымасына кім кепіл? Шетелдік жоғары оқу орындары үшін біздің елге білікті мамандар даярлағаннан өздерінің бюджетін толтырған тиімдірек болуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, бүгінде ешкім де өзге үшін өзегін жұлып беруге құмбыл емес. Өз түйткілімізді өзіміз реттемей, өзгеден қайыр күту бос әурешілік.

Шетелдегі емес, отандық білім ордаларының жағдайына үңіліп көрелікші. Рас, жоғары баға алу үшін ерінбей оқитын оқушы мен үнемі ізденістегі студенттер жоқ емес. Бірақ олардан уақытының басым бөлігін базар жағалап, бизнес істеп, қала берді түнгі клубтарда өткізетіндер көп болуы мүмкін. Алайда, бұл екі топтағылар да бірдей санаттағы дипломға ие болады. Өкініштісі сол, жоғары білім алғаннан кейінгі кезеңде екінші топтағылардың асығы алшысынан тұрып, жоғары лауазымдарға ие болады. Өйткені, олардың тіреуіші мықты, көкесі күшті. Олай болмаса жоғары оқу орнын түнгі клубтарда жүріп қалай бітіреді? Мұндай адамдар қалта қамын бәрінен жоғары қоюға бейім болады. Ойлағаны өз қалтасынан әрі аспайтын шенеунік жемқорлыққа да жақын жүреді. Осыдан келіп, жұмыс ақсайды, алға басқан қадам кейін шегінеді. Міне, осындай қоғамда өмір сүріп жатырмыз.

Үйдің берік болуы іргетасынан десек, білім сапалы іргетасы мектепте қаланады. Бірақ, бұл біздің назарымыздан тыс қалып қояды. Баланың білімін бастауыш сыныптан бақылаудың орнына, ҰБТ тапсыратын жылы барымызды салып «жүгіреміз». Бастауышта білім іргесі мықтап қаланбаған оқушыны жоғары сыныпта қанша баптасақ та жоғары балл алуы қиын. Содан кейін ешқандай пайда бермесе де кінәліні іздеу басталады. Ата-ана баласының сабағын бастауыш сыныпта қадағалмағандықтан, мұғалім де мектептің рейтингісін төмендетпеу үшін оқымайтын оқушыға өтірік баға қойып, тіпті, өз аты-жөнін жаза алмайтын баланы да сыныптан сыныпқа көшіріп отыра береді. Өмір бір орында тұрмайды. Үздік оқушылармен бірге үлгерімі төмендер де мектеп бітіріп, грант болмаса да ақылы негізде оқып, мамандық алып шығады. Тұрмыстық жағдайы жақсылар ұл-қыздарын шетелде оқытады. Жоғары лауазым иеленіп, билікке тікелей араласатындардың да дені осылар екенінде шүбәңіз болмасын. Жуырда қоғам белсендісі Санжар Боқаев кезінде Үкіметті, кейін ҰҚК басқарған Кәрім Мәсімовтың мектепте үштік бағамен оқығанын жария еткен болатын. Қазіргі билікте мұндай «мәсімовтердің» қаншасы ел тізгінін ұстап, жоғары астаудан ас ішіп жүргенін кім білсін?!

Елдік мәселені жиі қозғап жүргендіктен ел ішінен хабарласатындар да аз емес. Жақында Қарағанды облысының Ақтоғай ауданынан Ақалтын есімді азаматша хабарласты. Айтуынша, Ақтоғайдағы бір мектепте аутизммен ауыратын, өзі әріп танымайтын бала биыл 5 сыныпқа көшіпті. Көзі жақсы көрмейтін баланың ақыл-есінде де ауытқушылық бар ұқсайды. Бірақ ол директордың туған жиені болғандықтан, сыныптан сыныпқа көшумен келеді екен. Осыны айтамын деп Ақтолқын директор ағасы мен туыстарына жақпай, жұмыстан шығып қалыпты. Тағы бір қарағандылық белсенді ұстаз Нұргүл Әбілдина бұл мәселеге қатысты төмендегідей пікір білдіреді: «Бүгінде ұстаз емес, оқушы айтқанын орындататын заман болды. Кейбір оқушылар «не істейсің, өзің үшін 3 қойып, сыныптан сыныпқа көшіруге мәжбүр боласың» дегенді ашық айтады. Мектеп рейтингісі түсіп кетеді деген сылтаумен директорлар оқушыны сыныпта қалдыру былай тұрсын, ешкімге 2 деген баға қойғызбайды. Оны біліп алған оқушы оқымай жүре береді. Салдарынан өз атын жаза алмайтындар да атестат алып шығып жатыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын директордың орынсыз талабына көнбей, дымбілмес балаға тиісті екілік бағасын қойып беріп, сыныптан сыныпқа көше алмай қалған болатын. Соңы не болды дейсіз ғой? Бүкіл ұжымды маған қарсы қойды. Сабақты дұрыс өткізе алмайды деп өзімді кінәлағандар болды. Ақыры ол мектептен жұмыстан кеттім. Бүгінде оқымаған бала мектептен кетпейді, оған оқы деп талап қойған ұстаз жұмыстан шығарылады. Осы келеңсіздік жайында білім министріне дейін талай мәрте айтып та, жазып та жүрмін. Нәтиже шығар түрі жоқ. Біздегі білім саласын толықтай қайта реформалау керек. Мектептегі рейтинг дегенді алып тастамаса, оның сапалы білім беруге тигізер кері әсері орасан».

Мұндай пікірді әр өңірден жиі естуге болады. Мұғалім мәртебесін көтеріп, жалақысын өсіргендегі жетіп жатқан жетістігіміз осы ма? Дәл осындай әдіспен оқу жүйесін жалғастыра берер болсақ, мұғалімге миллиондап жалақы төлеп, мәртебесін бар мамандықтан жоғары көтерсек те нәтиже беруі неғайбыл. Оқу жүйесін өзгертпей, озық ел бола алмаймыз. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?!

Ұлықбек ҮМБЕТ.