Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/class-wp-token-map.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/l10n.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/query.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/rest-api/endpoints/class-wp-rest-users-controller.php on line 1
Шымкенттік Айжамалдың ұлу фермасы бар — Nysana.kz — Ақпарат агенттігі

Шымкенттік Айжамалдың ұлу фермасы бар

Бұл жолғы кейіпкеріміз Айжамал Қалмұхаммедқызының айтуынша ұлудың бет терісін ылғалдандырып қана қоймай, қысылып қалған нерв талшықтарын қайта тірілтетін қасиеті бар.

– Екінші баламды дүниеге әкелгеннен кейін бетімде қара дақтар пайда болды. Ата-анам Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында тұрады. Өзім Арыстың жігітіне тұрмысқа шыққанмын. Төркініме барғанымда жеңгемнің ұлу өсіріп жүргенін көрдім. Кішкентай тіршілік иесінің көмегіне екі рет жүгінгеннен кейін-ақ бетімдегі қара дақтардың түсі өзгере бастады. Содан Қазақстанға 4 ұлу әкелдім. Бетімнің тазарып, тегістелгенін байқаған көршілерім қызығушылық танытып, ұлудың бауырынан бөлінетін сөлдің пайдасын көруге кезекке тұратын болды.

Төркініме келесі барғанымда ұлу терапиясы жайлы курсқа жазылып, ұлуды өсіріп-көбейту, ауырған кезде емдік шараларын жүргізу жайлы білімімді жетілдірдім. Көп ұзамай күйеуімнің жұмыс бабымен Шымкент қаласына қоныс аудардық, – деді Айжамал.

Ұлулар өте кішкентай әрі нәзік болғандықтан, арнайы күтімді қажет етеді. Айжамал ұлуларды үлкен көлемдегі контейнерлерге (ыдысқа) салып сақтайды екен. Олардың күнделікті тазалығына, тағам рационына ерекше мән береді. Қазір кейіпкеріміздің шағын шаруашылығында 70 ұлу бар. Олардың әрқайсысы 2-3 ай сайын 150 данадан жұмыртқалағанда, бұл кәдімгі фермаға айналып шыға келмей ме? Сондықтан, Айжамал бірнеше күнге алыс жаққа қонаққа кететін болса, ұлуларын енесі мен жақын құрбысына ғана сеніп тапсыра алатынын айтады.

– Бір жақсысы, ұлулар тамақ талғамайды. Оларды қияр, сәбіз, орамжапырақ, алма, банан, салат жапырағы, аскөк секілді дәрумендерге бай әрі сөлі мол көкөністермен қоректендіруге тырысамын. Құрамында кальций дәрумені мол жұмыртқаның қабығын да ұнтақтап беремін. Ұлулар тұрып қалған көкөністерді жемейді. Олардың тағамы әр кез балғын болуы керек. Сол себепті, жәндіктерімнің тамағын жиі ауыстырып, жаңартып отырамын. Шымкентке келген соң кішкентайымды балабақшаға беріп, арнайы кабинет ашып, емделушілерді қабылдай бастадым. Ұлудың жұмыртқаларынан бетке арналған кремдер жасадым.

Ұлудың жұмыртқасынан жасалатын кремдердің құрамында ешқандай қоспа болмайды. Таза өнімді қолданғандар аз уақыттың ішінде үлкен нәтижеге көз жеткізеді. Ол денедегі бөртпені, безеуді, дақты, әжімді, тыртықтың ізін кетіруге көмектеседі. Бүгінде менің кремдерімді тұрақты түрде қолданатын қыз-келіншектердің қатары көбейіп келеді.

Мені Көкшетаудан арнайы іздеп келген емделушім болды. Ұлу терапиясын 5 күн қабылдағаннан кейін артынша оның Шымкентте тұратын барлық туған-туысы келді. Бұл жыбырлаған жәндік косметологияда ғана қолданылмайды. Оның баяу қозғалысы теріге жағымды әсер етіп, адамның қан айналымын жақсартады. Жүйке жүйесіндегі ауруларды да емдейтін қасиеті бар. Көзін жиі жыпылықтататын, ерні қисайған науқастарға да дәрігерлер ұлу терапиясын ұсынуда. Өйткені, ұлулар массаж нүктелері арқылы жүріп, өздерінің бойындағы шырыштарын бөліп қана қоймайды, қысылып тұрған нерв жүйелерін тістеп, қайта тірілтеді.

Леңгір қаласынан келген емделушімнің бет терісі күйік шалғандай жиырылып қалған болатын. Менің ұлуларымның арқасында ол келіншектің беті қайта орнына келіп, тазарып, жылтырай түсті. Ұлу 7 қабаттан тұратын бет терісінің 3 қабатына терең еніп, емдейді. Қазір оның да барлық жақын-жұраты табиғи ем түрін қабылдауда. Жақында сарыағаштық келіншек сал ауруына шалдыққан ұлына ем-дом шараларын жүргізу үшін 5 ұлу сатып алды.

Ұлудың ағзасындағы нәрлі сұйықтық цефазолин секілді дәрілерден 10 есе күшті әсер етеді. Ұлу терапиясын буын ауруларына шалдыққандар да келіп алуға құштар болып жатыр. Жаз мезгілінде қуығы суықтаған кішкентай балаларын алып келетін аналар көбейеді. Олар екі күннен кейін-ақ нәтижені байқайды, – дейді ол.

Айжамал ұлуды бетке қояр алдында бет терісін тазартып алады екен. Өйткені, жоғарыда айтып өткеніміздей, ұлулар нәзік келеді. Бетке жағылған кремдерден уланып қалуы әбден мүмкін.

«Ұлуды бетке қойғанда ол жылжи отырып, бауырынан сілекей бөліп шығарады. Оны массаж арқылы бет терісінің барлық бөлігіне жағып, сіңіреміз» дейді кейіпкеріміз.

Қысқасы, ұлудың адамға берері көп. Ол теріні жаңартып қана қоймайды. Дененің кез келген бөлігінің ауруын басады. Дене қызуын түсіретін де қасиеті бар деседі. Айжамал ұлумен ем курсының 10 күнге созылатынын айтады. Ал, оны үй жағдайында өсіріп-бағатын болсаңыз, тіпті керемет. Оның баяу қозғалысы адам жанына тыныштық сыйлайды. Миды тынықтырады.

Ұлу сатып алып, сіз де өзіңізді емдеп, жасара түсуіңізге болады, оқырман!

Дилара Тойлыбайқызы