Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/class-wp-token-map.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/l10n.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/query.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/rest-api/endpoints/class-wp-rest-users-controller.php on line 1
Алаяқтар қариялардың да қалтасына қол салуда — Nysana.kz — Ақпарат агенттігі

Алаяқтар қариялардың да қалтасына қол салуда

 Газетіміздің өткен нөмірінде соңғы кезде қоғамда белең алған келеңсіздік –алаяқтық туралы мақала жариялаған болатынбыз. Десе де алаяқтықтың түрі көбейіп отырған бүгінгідей заманда бұл жайлы жиі сөз қозғап, адамдарды алданып қалмауға шақырып отыру артық болмасы анық. Сонымен, бүгін алаяқтықтың тағы бір түрі жайлы айта отырып, елді сақтандыруды жөн санадық.

Түркістан қаласының полиция бөлімі интернет алаяқтыққа байланысты тағы бір қылмысты тіркеді. Жәбірленушінің айтуынша, оның атынан біреу несие рәсімдеген. Құқық қорғау органдары жүргізген жедел іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ер адам анықталып, оның жәбірленушінің жұмыс берушісі, яғни дүкен иесі екені белгілі болды. Кәсіпкер сауда-саттыққа байланысты кіріс-шығысты тексеремін деген сылтаумен сатушысының ұялы телефонын сұрап алып, ондағы банк қосымшасы арқылы онлайн несие рәсімдеген.

Осындай келеңсіз оқиғалардан күн сайын хабардар болудамыз. Десе де алданып қалатындар әлі де бар. Себебі, алаяқтықтың түрлері жоғарыда айтып өткеніміздей заманға сай жаңара түсуде. Айталық, бұрындары «қорадағы малым ұрланды» дейтін жұрт енді «банк шотымдағы ақшамнан айырылдым» дейтін болған. Полиция бөлімшелерінің табалдырығын тоздырып жүргендердің ішінде қариялардың қарасы басым. Солардың бірі Алтынбек ақсақал тәртіп сақшыларына бөгде адамдардың зейнетақысын өзінің шотына аударып алғанын айтып шағымданып келіпті. Қарияны әңгімеге тартып, оқиғаның мән-жайын сұрадық.

— Үйде теледидар көріп отырғанмын. Телефоныма бір жігіт қоңырау шалып, немеремнің көлік апатына ұшырағанын айтты. Жүрегім тас төбеме шықты. Үстіме біреу суық су құйып жібергендей қол-аяғым қалтырап кетті. «Қай жерде?», «Қашан?» дей бергенімді білемін. Әлгі жігіт көлік апаты орын алған мекен-жайды айтты ма, айтпады ма есімде жоқ. Анығы сол, ол «Немереңізге көмегіңіз керек. Мына нөмірге дереу қолыңызда бар ақшаңызды аударыңыз», — деді. «Дәрі-дәрмегіне керек болып тұрған шығар, не болса да аман қалса екен» деп тіледім.

Қарағанды медицина университетінде оқитын немерем келуі керек болатын. Жаманат хабарды естігенде бірден сол балам есіме түсті. Содан сол күні таңертең ғана түскен зейнетақымды аударып жібердім. Алайда, одан кейін әлгі жігітпен қайта байланыса алмадым. Ұлдарым мен келіндерім де алаяқты біраз іздеді. Ешқайсысы таба алмады. Міне, енді құқық қорғау органдарының қызметіне жүгінуге мәжбүрміз, — деді.

Осы жәйтті естіген соң құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне жолықтық.

— Қазір алаяқтар банк қызметкері болып хабарласпайды. Өйткені, адамдар банк қызметкерлерінің жеке басты куәландыратын құжаттарды ұялы телефон арқылы сұрамайтынын, мұндай деректер тек алаяқтарға ғана қажет екенін білді. Сондықтан, алаяқтар өздерінің айла-шарғыларын өзгертіп, тұтқаның арғы жағындағы адамды барынша сендіруге тырысады.

Мына нәрсеге айрықша көңіл бөліп, есте ұстау керек: бопсалаушылар адамдарға қоңырау шалу немесе интернет арқылы ғана өздерінің талаптарын айта алады. Ал, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, банктің қызметкерлері телефонмен хабарласып немесе мессенджермен жазып, логин, пароль секілді құпия мәліметтерді сұрамайды. Қажет болған жағдайда олар адамдарды өздерінің мекемелеріне шақырады.

Жалпы, кез келген адам өзінің жеке басын куәландыратын құжаттағы және банк картасындағы мәліметтерге сақ болуы керек. Бүгінде әлеуметтік желілердегі кейбір сайттар өздерінің ақпараттарын оқу үшін оқырмандарға «жеке сәйкестендіру нөміріңізді еңгізіңіз» деген сыңайлы талаптар қойып, осы арқылы алаяқтар сіздің жеке деректеріңізге қол жеткізуге ұмтылады. Осыны ескере жүру ләзім, — дейді тәртіп сақшылары.

Елімізде интернет алаяқтықтың өршуіне пандемия кезіндегі шектеу шаралары әсер етті деуге болды. Өйткені, карантин кезінде адамдар онлайн қызмет көрсету түрлеріне жаппай жүгініп, өздеріне қажетті дүниелерді интернет арқылы сатып ала бастады. Банктердің де қызметі цифрландырылып, тұтынушылар мобильді қосымшаларды пайдаланды. Осы кезде алаяқтар адамдарды алдау үшін түрлі амалдарды қолданды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, олар адамдарды алдау үшін өздерін банктің қауіпсіздік қызметінің, прокуратураның қызметкері ретінде таныстырып, алаяқтардың күдікті операциялар жасай бастағанын хабарлайды. Содан сақ болу үшін шоттағы ақшаларын «сақтандыру шотына» аударуға көндіреді. Алаяқтардың құрығына түсіп, сан соғып қалып жатқандар аз емес.

Міне, сондықтан да қас пен көздің арасында біз жолыққан қария секілді ақшаңыздан қағылып қалғыңыз, я болмаса қолыңызға ұстап көрмеген несиені мойныңызға іліп алғыңыз келмесе, қаржылық және құқықтық сауатыңызды арттырыңыз дегіміз келеді. Интернеттен түрлі бағдарламалық қосымшаларды жүктер кезде де сақ болу керек. Алаяқтар күмәнді сілтемелер жіберіп, адамдардың дербес деректеріне қол жеткізуді мақсат етеді. Сол себепті, интернеттен қосымшаларды жүктеу үшін App Store мен Play Market-ті пайдаланған жөн. Қандай жағдай болмасын CVV-код, код сөз, ЖСН және басқа да деректерді ешкіммен бөліспеу керек.

Егер де сіз интернет-алаяқтардың құрбаны болсаңыз, тез арада өзіңізге жақын маңда орналасқан полиция бөлімшесіне барыңыз немесе дереу 102 телефон нөміріне қоңырау шалыңыз. Есіңізде болсын, интернет алаяқтарға алдану яки алданбау — әркімнің өз қолындағы дүние.

Д. Тойлыбайқызы.