Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/class-wp-token-map.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/l10n.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/query.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/rest-api/endpoints/class-wp-rest-users-controller.php on line 1
Жүгенсізді жүгендейтін уақыт әлі жетпеді ме? — Nysana.kz — Ақпарат агенттігі

Жүгенсізді жүгендейтін уақыт әлі жетпеді ме?

Білім саласына қаншама реформа жасалып жатыр, бірақ одан жақсарып жатқан жүйе жоқ. Мектеп формасы мен орамал тақырыбы жыл сайын сөз болады. Мәселені заңмен шегелеп шешіп қоя алмай отырмыз. Білім саласындағы берекесіздік, облыстар мен аудандарда жетіп артылады. Нақты айтар болсақ, Түркістан облысының білім жүйесін, мүмкін болса таратып жіберіп жаңадан қайта жасақтау керек секілді. Бірнеше ауданның білім бөлімдерін мектепте бір күн де жұмыс істемегендер басқаруда. Мүмкін жақсы менеджер, экономист, қаржыгер, заңгер шығар, бірақ олар білімнің инемен құдық қазғандай қиын сала екенін білмейді. Мектепте тәжірибеден өтпеген, оның ішкі тәртібі мен ережесін білмейтіндер білім бөлімдерін басқарамын деп былығын шығарып жіберді.

Түркістан облысында білім басқармасына лайықты адамның тағайындалмағанына біршама жыл болды. Соңғы кездері бұл басқармаға басшы болып келгендердің соңынан сыбайлас жемқорлыққа қатысты әңгіме ілеседі де жүреді. Ғалымжан Жұмашевтан да тәуір басшы шығама деп ойлап едік, ол да қазіргі таңда үй қамақта ма, уақытша абақтыда отыр ма, қайда жүргені белгісіз? Басқарма басшысының үш орынбасарының да артынан мектепте істеп көрмегені, тәжірибесі аз екені желдей есіп тұр. Басқарма иесіз қалғандықтан болар, аудандағы басшылар ойларына келгенді істей бастаған сыңайлы. Олар заңға қарамастан, бір нәрсені желеу етіп алады да қаламаған адамдарын жұмыстан шығара салады. Мұның өзі бұл салада тәжірибенің жоқтығынан екені анық. Ал жұмыстан заңсыз босатылғандар сот шешімімен жұмысына қайта келуде. Бір қызығы кезінде оларды жұмыстан заңсыз шығарғандарға шара көрілмейді. Жазаланбаған соң аудандық білім бөліміндегілер ойларына келгенді әрі қарай жасай беруде.

Мысалы, соңғы 1-2 айдың ішінде Сайрам мен Сарыағаш ауданында бірнеше директорына қатысты сот білім бөлімі тарапынан берілген бұйрықтың күшін жойып, «жұмыстан заңсыз шығарылған» деген шешіммен қызметіне қайта оралуына мүмкіндік берді. Әділеттің үстемдік құратынан сенетіндер өз құқықтарын сот арқылы қорғауға болатынына көз жеткізуде.

Ал аудандық білім бөлімі белгілі бір топтың жекешелендіріп алған мекемесі сияқты. Қалаған адамын қалдырып, жақтырмағанын жұмыстан шығара салатын бұл мекемеге қарап отырып, білім саласы былыққа батқанын байқау қиын емес.

Оқырманның есінде болса, газетіміздің осы жылғы 11 сәуірде жарық көрген №14 санында «Жалғанды заңдастырудың сарыағаштық тәсілі» деген тақырыппен мақала жазғанбыз. Онда Сарыағаштағы Б.Момышұлы мектебінің бұрынғы директоры Жайна Аблаеваның: «Менің үстімнен бар-жоғы екі-ақ арыз жазылды. Оның біріншісі дәлелін таппады, 22 адам қол қойған екінші арыз бірнеше мекемеге қатар жөнелтілген. Онда қол қойғандардың кейбірі арыздан бас тартты. Білім бөлімі тарапынан зерделеу жүргізілгенде менің кінәм дәлелденбеді, яғни жұмыстан шығару туралы қорытынды жасалмады. Соған қарамастан құлақтары тыныш болуы үшін болса керек, бөлім басшысы мені жұмыстан босатты.

Менің кінәм — жұмысты талап еткенім, бөлек оқытылатын пәндердің бірігіп оқытылуына жол бермегенім. Мен бөлім басшысының әрекетін заңсыз деп есептеймін. Өз құқымды сотта қорғап, әділдікке жетемін», – деген болатын. Расында Ж.Аблаева сотта жеңіп шықты.

Бұл іске қатысты сот 2024 жылдың 17 маусымы күні аяқталып, Ж.Аблаеваны жұмысына қайта орналастыру туралы Сарыағаш аудандық сотының судьясы М.Жунусова шешім шығарады. Содан бері де арада бір ай өтті. Ал білім бөлімінің басшысы Дәулет Ақатов, сот шешімі шыққанына, онда «Сот шешімі дереу орындауға жолдансын» дегеніне қарамастан Ж.Аблаеваны лауазымды қызметіне қайта отырғызуға асықпапты. Бұл жөнінде Жайна Әбсадыққызының өзі бізге хабарласып, «Сот шешімі шығып, ол қолыма тиген соң, жұмысқа өзім келдім. Бұл жерде маған мөрді де, кабинеттің кілтін де әлі берер емес. Бұлар сонда соттың шешіміне де бағынбай ма? Бұл не сорақылық?!» – деп таңданысын білдірді. Міне Сарыағашта жағдай осылай. Жұмыстан шығаруға асығатындар, сот шешімін орындауға асығар емес. май отыр.

Сонда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру жолындағы еңбегіне сарыағаштықтар қарсы ма? Елімізде сот шешімі орындалуға жататын талап емес пе еді?!

Тағы бір мысалыды келтіре кетейік. Биыл, ақпан айының басында Сарыағаш ауданындағы Майлықожа мектебіне директорлық қызметке тағайындалған Оразгүл Сопибекованы бір аптадан кейін жұмыстан шеттету туралы аудандық білім бөлімінің басшылығы бұйрық шығарады. Бұл туралы «Өзге пікір» газетінде сол кезде «Білім саласы трайбализмнің құрбаны болмауы тиіс» деген мақала жазғанбыз. Онда негізінен бір рудың өкілдері тұратын ауылға басқа ауылдан барған директорға қарсылық болғаны айтылған. Бұл бойынша сол кезде директор Оразгүл Сопибековаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталған-ды. Тергеуге кедергі келтірмек болған бір топ адам полицияға да барып, О.Сопибековаға шара көруді сұрапты. Бірақ кейін іс дәлелін таппай О.Сопибекова қызметіне қайтып келген. Бұл жөнінде О.Сопибекованың өзі былай дейді: «Маған қатысты істің бәрі дәлелін таппады. Бұл жөнінде прокурордың келісімімен полицияның берген қағазы қолымда. Амалдары таусылған білім бөліміндегілер, сырқаттанып жүргеніме қарамастан мені өздері шақырып, жұмысқа шығарды. Бірақ бөлім басшысы Дәулет Ақатов маған жұмыс істетпейтінін білдірді. Арада бірнеше күн өткенде қолыма қайтадан жұмыстан босатылғаным туралы бұйрықты ұстатты. Бұларға не жазғанымды білмеймін. Енді сотқа шағымдандым. Кінәм жоқ. Зейнеткерлікке шығуыма бір жылдан да аз қалды. Алла бұйыртса сот шешімімен қайтып келемін».

Біз назарыңызға Сарыағаш ауданы бойынша орын алған тек екі жағдайды ғана мысалға келтіріп отырмыз. Ал ел арасында мұндай келеңсіздіктер көп екеніне шүбәміз жоқ. Себебі, арызданып, шағымданып шабылып жүргендер көп. Соттың шешімін күткендері қаншама.

Енді Сайрам ауданындағы жағдайға келейік. Мұнда да жағдай мәз емес. Аудан орталығындағы М.Горький атындағы мектептің директоры Хусейн Пазаев та соттың шешімімен қызметіне қайта оралған директорлардың бірі. Оның бірнеше ай жұмыссыз жүргенінің ақысын жұмыстан заңсыз шығарған білім бөлімінің басшысы өз қалтасынан төлейді ғой дейсіз бе? Әрине, жоқ. Салық төлеушінің есебінен, яғни сіз бен біздің ақымыздан төлейді. Сонда білім бөлімінің басшысы алды артына қарамай заңсыздыққа барады, негізсіз бұйырық беріп, жұмыстан шығарады, сот әділдік орнатып, заңсыз шығарылған мектеп директорын қызметіне қайта алдыртады, ал оның соттасып сабылған уақыты үшін ақыны мемлекет төлеуге мәжбүр. Білім бөлімдеріне мұндай сауатсыз басшылар не үшін керек сонда?

Сауатсыз болғанда ше, мекеменің заңгері де дұрыс кеңес бере алмағаны да қаперге алынуы керек. Екеуі де сауатты болса мәселенің мән-жайын анықтап, заңдылығын қарап, жеті өлшеп бір кесуі керек еді. Олай болмағандықтан ойларына келгенді істей береді.

Бүгінде Сайрам аудандық сотында М.Сапарбаев атындағы мектептің бұрынғы директоры Айжанар Қуандықованың талап арызы қаралып жатыр. Ол да «қызметімнен заңсыз кетірді. Менің жазығым жоқ» деп отыр.

«Білім бөлімі маған қатаң сөгіс бергенде прокуратураның ұсынысы негізінде деген болатын. Бірінші отырыста сотқа қатысқан прокуратура өкілі ешкімге ешқандай шара көру туралы нұсқама бермейтіндерін, шара көру бөлім құзырында екенін айтып кетті. Екінші отырысқа бөлім заңгері дайындықсыз келіпті. Міне осылай, бұлар ештеңеге дайын емес. Алла қаласа сот бөлім басшысының мені жұмыстан шығару туралы бұйрығының күшін жояды деген сенімдемін» дейді А. Қуандықова.

Оның жұмыссыз жүргеніне үш ай болады. Демек, А.Қуандықова да сотта жеңіп шықса бос жүрген күндері үшін жалақысын, оған қоса материалдық және моралдық өтемақы сұрайтыны белгілі. Егер сот талапкердің пайдасына шешім шығарар болса, А.Қуандықованың бос жүрген күндері мен басқа да сұраған өтемақалыларын салықшы есебінен төленеді. Білім бөліміндегі басшылардың мұндай әпербақандық әрекеттеріне тоқтам бола ма?! Бұл әділетсіздікке тоқтам болуы керек емес пе?!

Қысқасы, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру тапсырмас іс жүзінде орындалсын десек, жүгенсіз кеткен басшыларды жүгендейтін уақыт жеткені анық. Әйтпесе, елдің дамуына осындай әділетсіздіктер тосқауыл болғаны болған.

Ұлықбек ҮМБЕТ.