Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/class-wp-token-map.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/l10n.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/query.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/rest-api/endpoints/class-wp-rest-users-controller.php on line 1
Театр – киім ілгіштен, туризм – әжетханадан… — Nysana.kz — Ақпарат агенттігі

Театр – киім ілгіштен, туризм – әжетханадан…

Қазақстан туризмі тұңғиықтан шыға алмауда

Әлемде туризммен елін байытып, халқына жұмыс, табыс тауып беріп отырған мемлекеттер көп. Туризм – табыс көзі екенін түсінген олар туристерге барынша жағдай жасауды күн тәртібіндегі негізгі мәселе ретінде қарайды және соны жүзеге асырады. Саяхатшылар үшін бірінші кезекте ыңғайлылық пен жайлылық қажет болса, қызмет көрсету мен баға да маңызды саналады. Ал біздің елде осы қажеттіліктер қаншалықты ескеріліп, назарға алынады?

Қазақстанда демалу, яғни ішкі туризм көп қаражатты қажет етеді, оның үстіне қызмет көрсету мәдениеті де қалыптаспаған деген уәжді жиі еститінмін. Енді соған өзімнің де көзім жеткендей болды. Мұндай іс-әрекетімізбен шетелдік саяхатшылар былай тұрсын, өз жерлестеріміздің де көңілінен шығу қиын ба деп қалдым. Баға қарапайым халыққа арналмаған, аспандап тұр. Соған қарамастан туристік база мүлдем жоқ деп айтуға болады. Ең ақыры әжетхананың өзі реттелмегесін басқасына не айтуға болады?

Рас, еліміздегі туристік орындардың жарнамасы жарап тұр. Онысы құптарлық, қазір жарнамасыз қарға адым жасаудың өзі қиын. Алайда, шынайы ахуал да сол жарнамадағы жағдайдан тым алшақ болмауы керек емес пе? «Пәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқтың» нақ өзі ма дерсің.

Енді естігендерімді емес, көзбен көргендерімді айтайын. Биылғы еңбек демалысымды алғаш рет ел мақтаған Бурабайда өткізбекші болып, отбасыммен Астанаға келдік. Елорда мен Бурабайдың арасы 280 шақырым екен. Тіке баратын автобус немесе пойыз жоқ. Ал такси аталарының құнын сұрайды, адам басына — бес мың теңге. Амал жоқ, алыстан ат терлетіп, арнайылап келген соң көнесің. Жолға дайындалып жатқанымызда Жансұлу Қонарбаева деген танысымның айтқаны алғашқы ойымыздан айнытты. «Мен екі-үш жыл бұрын Бурабайға барып, көңілім қатты қалды. Екінші бармаспын деп шештім. Неге десеңіз, біріншіден, баға өте қымбат, қалтаға ауыр салмақ салады. Бурабай – миллионерлерге ғана лайықталған демалыс аймағы ма деп қалдым. Одан бөлек саяхатшыларға ыңғайлы жағдай жасалмаған. Қарапайым көлік тұрағының өзін таппай қиналасың. Ал әжетхана мәселесі – өз алдына талқыланатын тақырып. Алла Тағаланың тамаша етіп берген табиғатын тамашалауға жан-жақтан адамдар көп келеді. Ал табиғи қажеттілікті өтейтін орын таппай қиналасың. Бір жерден биоәжетхананы байқап қалдық, бағасы бір адамға бес жүз теңге екен. Осы кезге дейін мұндай бағадағы әжетхананы кездестірген емеспін. Сонысына сай іші тап-таза шығар деген ойымыз да бекер екен. Ластығынан лоқсып, жүрегің айниды. Әжетіңді де дұрыстап өтей алмай, ертерек шығып кетуге асығасың. Ұят та болса айтайық, театр киім ілгіштен басталса, туризм – туалеттен басталуы тиіс. Өйткені, әжетхананы пайдаланбайтын турист жоқ, табиғи қажеттіліктен барлығы бас сұғатын орын. Туалеттің жағдайын туралап алмай жатып, туризмді дамытамыз деу – бос әңгіме. Осыны түсінбейтін, дұрысы – түсінгісі келмейтін басшысымақтардың, демалыс орындарының тек қалта қамын ойлаған қожайындарының қылығына не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Әжетхананы әжептәуір етіп қою үшін елден ерек ақыл, соншалықты қыруар қаржы қажет емес екені анық. Дұрысы, қаржы жоқ емес, халыққа сапалы қызмет ету ниеті жоқ. Ниет – тек қана пайда табу. Дұрыс әжетхананың болмауы салдарынан жол жиегінен сәл әріректегі әрбір ағаштың түбі әжетханаға айналған. Бұл – мемлекетіміз үшін де масқара жағдай емес пе?

Осындай келеңсіздіктерге тап болғасын, келесі демалыстарымды шетелге өткіземін деп шештім. Былтыр Түркия, биыл Вьетнамға барып қайттық. Ол жақта жағдай қалай? Әжетхана жайында ұятты әңгіме қозғауға да негіз жоқ. Қай жерге барсаңыз да, тіпті, жол бойындағы жанар-жағар май құю бекеттерінің өзінде әжетхана мәселесі оңды шешілген. Іші тап-таза. Ешбірі ақы сұрамайды. Тазалық мәселесіне қатты мән берілетініне айналаға бір қарағанда-ақ көз жеткізуге болады. «Бар жақсылық – балаларға» демекші, мұнда бар жақсылық – саяхатшыларға жасалған екен. Бір барғанға құмарың қанбай, қайта барғың келіп тұрады екен. Бұйыртса, тағы бір шетелге саяхаттаймыз ба деген жоспарымыз бар, бірақ Қазақстан емес».

Ж.Базарбаеваның осы сөзінен кейін Бурабайды қойып, басқа демалатын жер қарастырдық. Ғаламтор арқылы Астанадан 25 шақырым қашықтағы Жалтыркөлдің жағасынан орын тепкен «Динара» деп аталатын демалыс орнын тауып, сол жерге бардық. Әттегенайлайтын тұстары бар демесең керемет жер екен. Кіріп-шығып жатқан адам көп. Демалыс орнына кіру құны адам басына екі мың теңгеден, тапшанды жалдау құны он мың теңге екен. Кәуәп пісіргің келсе, мангал мен самаурынды сатып алуға тура келеді. Дайын кәуәп алғыңыз келсе – әр данасы екі мың теңгеден. Екі шәйнек шәй алдық. Қызық сол жерде басталды. Аспаздар екі шәйнек шәйді бергенімен, кеселері жоқ. Сонда шәйді кезектесіп шәйнекпен көтеріп ішеді деп ойлады ма екен? Не керек, дауласып жүріп өздері пайдаланатын екі бакалды тартып алғандай етіп алдық.

Сыртта бірнеше биоәжетхана тұр. Шеткісінің есігі сынған. Басқасына кірсек, біраз уақыттан бері тазаланбағаны көрініп тұр. Ішкі көрінісіне қарап, әжетхана күніне бір немесе бірнеше күнде бір рет қана тазаланады-ау деп ойладық. Қолқаны қабатын сасық иісті айтып жеткізу мүмкін емес. Әжетханаға жауапты адамдар болса керек, есік алдында отырған екі әйелдің міндеті — тек ақшаны санап алу ғана. Басқасымен шаруасы жоқ. Бурабайдан бас тартып, арнайылап келгендіктен, осында демалудан басқа амал болмады. Бірақ, екінші ол жерге бармаспыз деген оймен оралдық. Сонда өз азаматтарымыздың көңілінен шыға алмай жатқан демалыс орындары шетелдіктерді қалай тартамыз деп ойлайды екен?

Шүкір дейік, Қазақстанда туристерді қызықтырар тамаша табиғат та, тарихи-мәдени, киелі орындар да жеткілікті. Алайда, соны ұтымды пайдаланып, тұрақты табыс көзіне айналдырудың, туризмді дамытудың ешқандай да амалдары жасалып жатпағанын байқадық. Барлығының ойлағаны – келген адамға жағдай жасамаса да қалтасын қағып қалу. Бұл ұзаққа созылар процесс емес, алайда оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Мемлекет тарапынан да реттеу тетіктері қолға алынып жатқан жоқ. Дәл осындай іс-әрекетпен елімізде туризмді жоғары дәрежеде дамыту мүмкін емес.

Балық – басынан шіриді, құйрығынан тазаланады. Бұл мәселенің барлығы үкімет, министрлік тарапынан реттелмесе, жоғарыдан жүйеленбесе, жабайы туризмнің белең ала беретіні түсінікті. Дәл қазір әлем көз тіккен олимпиада ойындары өтіп жатыр. Спорт саласын басқарып отырған лауазымды тұлғалардың жүйелі жұмыс жүргізбеуінің салдары, әлем алдындағы беделіміздің болмауы Париж төріне үмітін үкілеп барған спортшылардың жігерін құм етсе, қалың жанкүйердің жүйкесін жұқартып-ақ тастады. Туризм саласының басында отырғандар да өз шаруасын шынайы ықылас, шын пейілмен, бүкіл жан-дүниесімен атқармаса тығырыққа тіреліп, батпаққа бату қаупі тұр.

Нұргүл БЕКМҰРАТОВА.