Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/class-wp-token-map.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/l10n.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/query.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/rest-api/endpoints/class-wp-rest-users-controller.php on line 1
ӨЗБЕКӘЛІ АҒАНЫҢ АРМАНЫ ТҰР, ЖЕТІ МЫҢ СТУДЕНТТІҢ ЖАНАРЫНДА — Nysana.kz — Ақпарат агенттігі

ӨЗБЕКӘЛІ АҒАНЫҢ АРМАНЫ ТҰР, ЖЕТІ МЫҢ СТУДЕНТТІҢ ЖАНАРЫНДА

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті  бірнеше жылдан бері айтыстың ақ ордасына айналды. Осы жылдарда қаншама жас ақындар жыр аламанына қосылып, жүйріктер қатарына ілікті. ОҚПУ сахнасы танытқан таланттардың қатарында Біржан Байтуовтан бастап, Дәурен Ақсақалов, Нұрғали Әнапия, Аян Ниязбек сияқты көптеген сөз мергендері бар.
ОҚПУ осы игі дәстүрден биыл да жаңылған жоқ. Университетте өткен айтысты AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек және Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ Басқарма төрағасы-ректор міндетін уақытша атқарушы, айтыс жанашыры Гүлжан Сүгірбаева құттықтау сөзбен ашты.
Өзбекәлі Жәнібековке арналып, «Рух сардары» деген атпен өткен айтысқа еліміздің әр аймағынан Аян Ниязбек, Айым Асылбекқызы, Ердәулет Ыбыраев, Нұрбол Жауынбаев, Дәурен Ысқақ, Жандос Мырзабеков, Нұрдәулет Өмірбеков, Мейіржан Жарылқап, Нұрмахан Жақыпбек, Әсет Ақылжанов, Мейірбек Жақсылықов, Ахметрасул Баянбай, Даниял Болысбек, Сұлтан Сәуірхан сияқты бүгінгі айтыстың жас жүйрігінен хас жүйрікке айналып келе жатқан таланттар қатысты.
Сахнаға алғаш болып Ердәулет пен Нұрдәулет жұбы көтерілді. Алғашында іркіліп барып басталған сөз додасы қыза келе нағыз шарықтау шыңына көтерілді. Орамды ой, құнарлы шумақтар ақындардың аузынан алтын болып ақтарылып, көрермендер қошеметіне бөленді.
Танымал айтыскер ақындар Маржан Есжанова, Анар Жаппарқұлова, Кәрима Оралова, Қажымұқан Абзалов және университеттегі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы орталықтың басшысы Эльмира Оразбаева төрағалық еткен қазылар алқасының шешімімен бас жүлде ақтөбелік Нұрбол Жауынбаевқа (1 000 000 теңге) берілді. Ал бірінші орынға Нұрмахан Жақыпбек (700 000 теңге) ие болды. Екі бірдей екінші орынды Жандос Мырзабеков пен Сұлтан Сәуірхан (400 000 теңгеден), екі бірдей үшінші орынды Ахметрасул Баянбай мен Айым Асылбекқызы (250 000 теңгеден) жеңіп алды. Қатысқан 8 ақынның барлығына «Майлықожа», «Құлыншақ Кемелұлы», «Көпбай Омаров», «Тәушен Әбуова», «Қаныбек Сарыбаев», «Әселхан Қалыбекова», «Оразалы Досбосынов», «Есенқұл Жақыпбек» атындағы арнайы жүлделер (150 000 теңгеден) табыс етілді.
Айтысты «Қаратау» өнер мектебінің директоры, айтыскер ақын Біржан Байтуов жүргізді. Дүбірлі доданы ардагер ұстаздар мен зиялы қауым өкілдері, БАҚ өкілдері тамашалады. Ауқымды шараның өтуіне университет Басқарма мүшесі, Стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректор Баршагүл Исабек, тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаментінің басшысы Қайрат Анарбаев, «Айтыс» үйірмесінің жетекшісі Нұрғали Әнапия және мәдениет бөлімі ерекше атсалысты. Айтыс университеттің ютуб арнасынан және әлеуметтік желі парақшаларында тікелей эфирден көрсетілді.
https://www.youtube.com/watch?v=JoaeaCvgN5o