Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/class-wp-token-map.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/l10n.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/query.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/rest-api/endpoints/class-wp-rest-users-controller.php on line 1
Шардарада ашылды деген зауыт қайда? — Nysana.kz — Ақпарат агенттігі

Шардарада ашылды деген зауыт қайда?

Зауыт па, қойма ма? Шардарадағы жаңа нысанға қатысты пікір екіге жарылып тұр   

Бүгінде су тапшылығы өзекті мәселеге айналып отыр. Сондықтан Түркістан облысында егінді әртараптандыру, шығыны аз егін егу қолға алынуда. Бұл жағынан мақтаға қарағанда жүгеріге көбірек көңіл бөлінуде. Субсидия беріп, шаруаның қызығушылығын арттыруда. Осылайша терілгеннен кейін сұранысы аз мақтаны ауылшаруашылығында кеңінен қолданылып, елімізде өңдеу зауыттары бар жүгеріге ауыстыру қолға алынбақшы.

Жыл сайын мақташылар өнімдерін өткізе алмай, өткен өнімнің ақшасын ала алмай дау-дамайға айналуы шенеуніктерді шаршатса керек, енді жүгері егуге көшуді кеңінен насихаттау басталды. Бірақ ертеңгі күні бұл шешімнен де шикілік шығып жүрмес үшін әзірден бастап «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» керек. Өткен жылы Шардара қаласында жүгері өңдейтін зауыт ашылды деген ақпарат тарады. Бірақ оның қуаты қанша, облыстан жиналған жүгеріні толық қабылдап, өңдей ала ма? Әзірге бұл сұраққа жауап табу қиындау секілді. Өйткені, ол зауытқа қатысты жайсыз әңгімелер бар, яғни оның зауыт емес, жай ғана қойма екені айтылады. Осы рас болса, ертеңгі күні тағы қаншама шаруаның еңбегі еш кетіп, шырылдағалы отыр емес пе?

Бұл мәселе бойынша біз Мақтаарал ауданы әкімдігі ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Баязит Әлімқұлмен хабарласқанда, ол бұған дейін ауданда 2 мың гектарға жүгері егілсе, егінді әртараптандыру үшін оның көлемін 3 мың гектарға көбейтетіндіктерін айтты. Ал негізгі табыс көзі жүгері шаруашылығы саналатын Отырар ауданының шаруалары Шардарада жүгері өңдеу зауыты салынды деген хабарды естісімен, егін көлемін көбейтуге құлшыныс танытуда екен. «Бұрын біздің ауданда жүгеріні кептіріп сақтайтын қойма ғана болатын. Шардарада зауыттың ашылғаны дұрыс болды. Өнімді өткізуден қиындық туындамайды. Өткен жылы зауытқа өнімнің 70-80 пайызын біздің аудан өткізді. Биыл одан да көп болады деген сенім бар», — дейді Отырар ауданы әкімдігі ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Батырбек Сыздықов. Ал шардаралық жергілікті шаруалар зауыт деп жүргендері қойма екеніне сенімді секілді.

Бұл мәселенің анық-қанығын білу үшін Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиевке хабарластық. «Алматылық инвесторлар біздің ауданда жүгеріні кептіріп сақтайтын бір қойма салды. Биыл тағы екеуін салады. Өздерімен байланысып отырмыз, қаржыларын жинап, биыл зауыттың құрылысын да бітіруге уәде беруде. Күзге дейін уақыт бар, олар зауыт салып үлгеретіндерін айтуда. Инвестордың Жаркентте жүгері өңдейтін үлкен зауыты бар екен. Олар үшін біздің ауданнан жылына 100 мың тонна жүгері өңдейтін зауыт салу қиындық тудыра қоймайды».

Иә, салынды деген зауыт енді салынбақ екен. Бұл жоба да толық жүзеге асса жақсы, аспаса ше? Жасыратыны жоқ, биыл Шардара ауданында да жүгері егісін көбейту жайы кеңінен насихатталуда. Былтыр мақтаның ақысын уақытылы ала алмағандар мен қауын-қарбыз егіп, белшесінен шығынға батқандар арасында  енді жүгері егуге көңілі ауған диқандар қатары артуда. Ендеше, жергілікті атқарушы билік тарапынан аталған зауыттың салынуына деген қадағалауды барынша күшейткен жөн. Олай болмаған жағдайда ала жаздай қолынан кетпен түспеген, маңдайынан тер кеппеген шаруаның халы шын мәнінде мүшкіл болмақ. Ал бұған жол беруге әсте болмайды.

Н. БЕКМҰРАТОВА.