Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/class-wp-token-map.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/l10n.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/query.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/rest-api/endpoints/class-wp-rest-users-controller.php on line 1
ТОРҒАЙ СОЙСА ДА, ҚАСАП СОЙСЫН… — Nysana.kz — Ақпарат агенттігі

ТОРҒАЙ СОЙСА ДА, ҚАСАП СОЙСЫН…

Шүкір, кең байтақ даламыздың асты да, үсті де қазына. Бірақ соның рақатын қара халықтың көріп отырғаны шамалы. Жуырда облыс орталығында өткен брифингте Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Әбдуәлиев былай деп мәлімдеме жасады:

«Түркістан облысының орман қоры жерлерінде биыл жыл соңына дейін 27 500 гектар жерге 43 149 дана, 2025 жылы 31 610 гектар жерге 52 079 дана тал отырғызу жоспарланған. Сондай-ақ, облыстағы 852 елді мекенді көгалдандыру үшін 4 млн-нан астам көшет отырғызу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұдан бөлек, былтыр «Өсімдіктер дүниесі туралы» заң қабылданып, күшіне енген болатын. Түркістан облысы аумағында өсетін емдік қасиеттері бар кеурек пен қызыл мия өсімдіктерін заңсыз теру және шет елдерге шығару фактілері жиілеген. Осы ретте аталған өсімдіктерді пайдалану құқығын шектеу туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде табиғи популяциясының қалпына келуі үшін қызыл мияны 5 жыл, ал кеуректі 8 жыл бойы жұлуға тыйым салынды. Енді оларды заңсыз қазғандарға шара көрілетін болады».

Иә, жойылу қаупі бар өсімдіктерді заңмен қорғамасақ, ертеңгі күні сан соғып қаларымыз анық. Осыдан 5-6 жыл бұрын қызыл мияның тамырын қазып алушылар күрт көбейіп, оны шикізат ретінде Қытай асырып жатты. Тамыр қазуға құмартқандар арасында шетелдіктер де көп болды. Олар Арыс пен Отырар ауданның аумағында ұсталып, депортацияланды. Десек те, қызыл мияның тамырын жүк көліктеріне сексеуіл секілді тиеп алып кетіп жатқанда бірді-екілі жергілікті тұрғындардан басқа оған назар аударып, жанашырлық білдірген ешкім болмады. Бұл браконерлер үшін қолайлы жайт.

Басқарма басшысы Қайрат Амангелдіұлының айтуынша, соңғы кездері емдік қасиеті мол кеурек пен қызыл мия өсімдіктерін заңсыз теру және шет елдерге шығару фактілері жиілеген. Заңға сүйенсек, табиғи популяциясының қалпына келуі үшін қызыл мияны 5 жыл, ал кеуректі 8 жыл бойы жұлуға тыйым салынған. 5-8 жылдан кейін жұла беруге болады ма? Аталған баяндаманы дайындаған да, оқыған да адамның бұл саладан бейхабар екені байқалып қалды. Кеурек өсімдігінің ортасында өскен адам ретінде айтар болсам, оның өмір сүру мерзімі бір көктем ғана. Келесі жылы ол ағаш болып, одан кейін мүжіліп өздігінен жоқ болып кетеді. Бала кезімізде келесі жылы кеурек қайта шығу үшін, тамырын қалдырып әдейі жұлатынбыз. Ал бұлар 7 жыл жұлуға болмайды дейді. 7 жыл емес, кеуректің өзін екі жылдан кейін таппай қаласың. Оны білу үшін құмды жерде өмір сүріп көру керек қой. Ал білмейтін адамның басқарма басшысының аузына мұндай сөз салуы дұрыс емес. Атам қазақ «Торғай сойса да, қасап сойсын» дегенді еріккеннен айтқан жоқ қой. Елдігімізді сақтаймыз десек, әркім өзі білетін шаруасымен айналысу керек қой. Әйтпесе, құрдымға құлауымыз оп-оңай-ақ.

Ұ. ҮМБЕТ.