Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/class-wp-token-map.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/l10n.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/query.php on line 1

Warning: Uninitialized string offset 0 in /var/www/vhosts/nysana.kz/old.nysana.kz/wp-includes/rest-api/endpoints/class-wp-rest-users-controller.php on line 1
Арманы алдамаған ардагер — Nysana.kz — Ақпарат агенттігі

Арманы алдамаған ардагер

Бүгінгі сөз еткелі отырған кейіпкеріміз Пайызхан Момбекұлы 1924 жылы Мақтаарал ауданындағы Ленин, қазіргі Қалыбеков Аязхан ауылында дүниеге келген. Осындағы мектепте жетінші сыныпта оқып жүргенінде Кеңес армиясы қатарында Отан қорғауға шақырылған болатын.

Оқ пен оттың ортасында, өмір мен өлімнің арасындағы әрбір сәтің санаңда мәңгі сақталады ғой. Сондай бір ауыр кезең Пайызхан ағаның санасында ғұмырының соңына дейін жаңғырып тұрды десек, жаңылмаймыз. Ол жайлы көзі тірісінде оның өз аузынан да естіген едік.

«…Ұрыстың үдей түскен кезі. Екі жақ та бір-біріне беріліспей, қапыда қалдырудың бар амалын жасауда. Ең маңызды деген дүниелерді қиратуға барын салуда. Соғыс кезінде өзара хабар алмасу, жоспарды іске асыру, жаудың әлсіз тұсын хабарлап отыру үшін байланыс қызметі өте маңызды саналады. Міне, жаудың да ойлағаны осы. Амалын тауып, байланысты үзеді. Ал мен соғыста радист, яғни байланысшы болдым. Мойныма үлкен міндет артылды. Қалай да үзілген жерді жалғап, байланысты қалпына келтіру керек. Майдан даласында қаңғыған оқ та, аңдыған оқ та бір сәтте ажал құштыруы ғажап емес. Сол үшін ақылды іске қосып, жауды қапы қалдырудың амалын табу керек. Байланысты әдейі үзген немістер алысқа ұзамай, сол маңда байланысшылардың келуін күтіп, жасырынып жатуы мүмкін. Санамды сығалаған алғашқы күдік осы болды. Сақтық мақсатында байланыс сымының жүріп өткен жерімен қатарласып жүрмей, алыстан айналып, сырттай бақылап, бой тасалап жылжыдым. Күдігім алдамапты. Байланысшының келуін күтіп, жасырынып жатқан жаудың дәл арқа тұсынан келіп, бірнешеуін жайраттым. Аман қалған біреуінің қолын артына қайырып, мықтап байлап тастадым. Үзілген сымды жылдам жалғап, қолға түскен тұтқынды штабқа жеткіздім. Осылай үлкен олжаға кенелген болатынмын», — деп еске алып отырушы еді Пайызхан аға.

Пайызхан Момбекұлы жерлесі Қаппаров Қадір екеуі Украинаға қарасты Севастополь қаласында алғашқы әскери дайындықтан өтіп, байланысшы радист ретінде майданға қатысты. Майдан даласында жеңіл жарақат алған кездерінде екеуі әрдайым бір-бірінің қасынан табылып, алғашқы көмек пен рухани қолдау көрсетуші еді. 1944 жылы жау снарядының жарықшақтарынан қолы мен иығынан ауыр жарақаттанған Пайызхан аға госпитальға түсті. Онда ұзақ емделгенімен, соғысқа жарамсыздар қатарында 1945 жылы елге оралды.

Майданнан келгеннен кейін колхоздың әртүрлі жұмыстарын істеп жүргенде ауылдық кеңеске хатшылыққа тағайындалды. Осы жылы Шардара ауданы Байырқұм совхозында тұратын Батырханқызы Оразкүлмен тұрмыс құрды. Пайызханның төрт інісі мен бір қарындасы болды. Мектепте үздік оқыса да қарт әке-шешесінің қабағы мен бауырларының жағдайына қараған Пайызхан өз білімін онан әрмен жалғастыра алмағанымен, бауырларының білім алуына себепкер болды. Інісі Момбеков Сазаханды Алматы қаласындағы пединституттың химия факультетінде оқытса, екінші інісі Бабаханды ауылшаруашылық институтының «зооветеринар» факультетіне түсірді. Қалған екі інісі ауылда мал бағумен айналысты. Қарындасы Нәзипаны құтты орнына қондырды. Басына түскен бар ауыртпалықты жұбайы Оразкүлмен бірге бөлісетін. Өзінің тоғыз перзентін де оқытып, жоғары білім алуына бар жағдайды жасады. Үлкен ұлы Нәліханды Ташкент қаласындағы Халық шаруашылығы институтының бухгалтер мамандығына оқытып, ол совхозда бухгалтер, бас бухгалтер, кейін совхоздың директоры қызметін атқарды. Екінші ұлы Өміржан Целиноград қаласындағы ауыл шаруашылық институтының құрылысшы факультетін бітіріп, өз мамандығы бойынша еңбек етті.

Перзенттерінің барлығының өмірден өз орнын тауып, еткен еңбегінің арқасында елге сыйлы болуын Пайызхан Момбекұлы қаншама армандады десеңші. Үлкен қызы Озипа мен Айымкүл өздерінің қалауы бойынша Шымкент қаласында тігіншілікті оқыса, екінші қызы Дариға Жетісайдағы педучилищенің музыка бөлімін бітірді. Жайна мен Әтір Ташкенттегі бухгалтерлік техникумды тәмамдады. Айнагүлі Ташкент қаласындағы Низами атындағы пединститутта оқыды. Кенже қызы Ақмарал Алматы қаласында жоғары білім алды. Үлкен келіні Сұлушаш пен екінші келіні Ұрхияның да жоғары білім алуына бар жағдайды жасады.

1964 жылы ауданда өткен бір жиында ойламаған жерден соғыстағы қандыкөйлек досы Қаппаров Қадірді кездестіріп қалады. Хат-хабарсыз кеткен қандыкөйлек досының тірі екендігіне күмәнданып жүретін Пайызхан күтпеген кездесуде досын құшақтай алып, көз жасына ерік берген болатын. Майдандас жандардың жан күйзелісін түсінген сол жиынға қатысушылар да көз жастарына еге бола алмай қалған болатын. «Бізді соғыс та ажырата алмаған. Ендігі қалған өмірімізде бірге болайық», – деген сол кездегі совхоз директоры Қаппаров Қадірдің қалауы бойынша Пайызхан жаңадан құрылып жатқан Аманкелді совхозына хатшылық жұмысқа тұрған. Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 40 жыл толғанда соғыс ардагерлеріне төрт бөлмелі үйдің кілті табыс етілген. Осы жиында сөйлеген сөзінде аудан басшылары ардагерлерді Ұлы Жеңіспен құттықтап, көкіректеріне орден-медальдарын тақты.

Өзінен өрбіген ұл-қыздарының ел ішіндегі абырой-беделіне сырттай қанық Пайызхан әрдайым Құдайға құлшылық етіп, «Өзім жете алмаған биіктерге бауырларым мен ұл-қыздарым жетсе болғаны. Маған соны көру де үлкен арман ғой», – деп отыратын. Совхоз директоры болған үлкен ұлы Нәліхан әкесінің жағдайын жасап, Кавказ бен Қырымның және Кисловодскінің курорттарына демалуға жіберіп тұратын. «Өзім оқи алмасам да іні-қарындастарымның, перзенттерімнің оқуына қолымнан келген көмекті аяғам жоқ. Не ексең –  соны орасың деген, сірә осы болар» деуші еді тәспісін тартып отырған майдангер қарт.

Бүгінгі күндері бақилық болған Момбекұлы Пайызханның жүз жылдығын атап өтпек болған перзенттері өздерінің осындай елге қадірлі қарияның ұрпақтары екенін мақтан тұтып жүреді. «Тәңірім барлығымызды да ұрпағымызбен мақтануды нәсіп еткей» – деген, сірә, осы болса керек.

Бөріхан Тәмен,

Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар Одағының

мүшесі.